×

Балаларды қауіпті жағдайда қалдырған ата-ана қамауға алынатын болды

Бала денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келсе, ата-анаға 6 миллион теңгеден аса айыппұл салынады

 Еркеғали Болатұлы 31.05.2022 | 09:32
фото: ашық дереккөз

Баласын қауіпті жағдайда қалдырған ата-ана заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Яғни, қомақты сомада айыппұл төлейді немесе қамауға алынады. Ал денсаулығына зиян келтірсе немесе бала үлкендердің кінәсінен қайтыс болған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Тек биылдың өзінде бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 9 бала терезеден құлаған. Олардың бәрі аман қалған. Ал Павлодарда 9-қабаттан құлаған 1,5 жастағы бүлдіршінің өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Бұдан бөлек, Өскеменде де 4 жасар бала 3-қабаттан құлап кеткен еді.

Өкініштісі, мұндай оқыс жағдайлар еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Ал құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағанынан болады. Бүлдіршін өміріне алдымен ата-ана жауапты екенін үлкендер де мойындайды.

Заң бойынша дәрменсіз адамды жалпы балаларды қауіпті жағдайда қалдыру 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 300 мың теңге көлемінде айыппұл салумен, қоғамдық жұмыс немесе 45 тәулікке дейін қамауға алумен жазаланады.

«Баланы қауіпте қалдырып кеткені үшін ҚР ҚК-нің 19-бабы бойынша жауапқа тарту қарастырылған. Өмірі мен денсаулық жағдайына қауіп төнген адамды көмексіз, қасақана тастап кету жауапкершілікке тартудың негізгі белгісі», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалин.

Егер бала денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келсе, ата-анаға 6 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал егер бүлдіршін қайтыс болса, ата-анасы 3 жылға дейін қамауға алынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама