×

«Халық көмектесуді емес, телефонына түсіруді ойлайды»: биыл елордада 9 бала терезеден құлаған

Алдымен 112 немесе 101-ге телефон соғу керек

 Еркеғали Болатұлы 13.05.2022 | 11:50
фото: ашық дереккөз

Таяуда ғана елордада 3 жасар қызды терезе сыртында ілініп тұрған жерінен құтқарып, көзсіз ерлігімен көзге түскен Сәбит Шонтақбаевтың жаңа жұмыс пен жаңа пәтерге қол жеткізгені – қуанарлық жайт. Алайда төтенше жағдай қызметкерлері ата-аналарға балаға деген жауапкершілікті күшейтуге кеңес беріп отыр. Мысалы, осы бас шаһардың өзінде биыл 9 бала терезеден құлап кеткен.

Құтқарушылардың айтуынша, балалардың жоғарыдан құлауы әсіресе күн жылыған кезде, терезені пәтерді желдету үшін ашқанда жиілейді. Сондықтан сәбиін қорғауды ойлаған әр ата-ана терезеге арнайы торкөз қойып, сақтық шараларын сақтауы тиіс. Егер төтенше жағдай болып қалған жағдайда ережеге бағынып, көмекке құтқарушыларды шақырғаны жөн.

«Осындай оқиға болғанда халық бірінші көмектесуді емес, телефонына түсіруді ойлайды. Алдымен 112 немесе 101-ге телефон соғу керек. Әрі қарай пәтерге кіру әрекетіне көшуі қажет. Мәселен, кешегі жағдайда Сәбит істегендей, астыңғы қабатқа түсуі тиіс. Шынын айтқанда, ол – бүгінгінің батыры», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД құтқару бөлімшесінің басшысы Павел Володин.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері елордада 9 бала осындай оқыс жағдайға тап болған. Бәрі аман-есен екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама