×

Марапат. Сыйлық. Пәтер: бүлдіршінді құтқарған азаматтың ерлігі ерекше еленіп жатыр (ВИДЕО)

Сәбит Шонтақбаев елордаға осы жылдың мамыр айының басында ғана келген 

Бүгін өз өмірін қатерге тігіп, 8-қабаттың терезесінен 3 жастағы бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа қазақ елі алғысын білдіріп, мемлекеттік мекемелер сыйлық пен марапат беруде, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.  

Белгілі болғандай, Cәбит Шонтақбаев Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасы. Елордаға осы жылдың мамыр айының басында келген. Қазір құрылысшы болып жұмыс істейді. 4 баланың әкесі.

Сәбитті бірінші болып Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев қабылдап, оны «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

«Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасы үйде болған, бірақ баланың жанында ешкім болмаған. Жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп, құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды», - деді ТЖМ өкілдері.

Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қабылдап, оған әкімдік тарапынан жан-жақты көмек көрсетуге уәде берді.

«Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар. Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар G-Park құрылыс компаниясы мен Ғабит Сатмағамбетов қайырымдылық қоры «стандарт» санаттағы Рио да Жанейро тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Белгілі блогер Дәулет Мұқаев пен өзге де белсенділер оның несиесін өтеуге және үш бөлмелі пәтерінің ішкі жөндеу жұмыстарына ақша жинауда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама