×

Ауыл жастары қалада жалақысы аз жұмыс істеп жүр – Жигули Дайрабаев

Елімізде жұмыс істемейтін және оқымайтын шамамен 400 мың жас бар

 Дәурен Ерболат 13.03.2024 | 17:53
Фото: Informburo.kz

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев NEET жастарының мәселесін көтеріп, оларға тегін білім беру маңызды екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Еліміз бойынша NEET cанатындағы, яғни жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі – 7,1%. Бұл – 379 мыңнан аса адам. Ауыл жастарының осы санатта айтарлықтай үлесі бар екенін түсінеміз. Жастар табыс іздеп, 3 үлкен ірі «магнит» қалаға – Астана, Алматы және Шымкентке ұмтылады. Мысалы, жыл сайын елордаға 30 мыңнан аса адам көшіп келеді. Көші-қон ағынының негізгі үлесі еңбек тәжірибесі мен практикалық дағдылары жоқ ауыл жастарына тиесілі. Әдетте олар қалада уақытша және жалақысы төмен жұмыстар істеп, құрылыс алаңдары мен базарларда нәпақа іздеп жүр. Бұл ауыл жастарын қарызға итермелеп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсірін тигізуі мүмкін, - деді Жигули Дайрабаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол 2029 жылға қарай NEET санатындағы жастардың үлесін 3%-ға, яғни 2 есе төмендетуге тапсырма берілгенін еске салды.

«Қазір Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жетекшілігімен пилоттық режимде бағыт-бағдары жоқ ауыл жастары үшін «Жол тап» жобасы іске асып жатыр. Елордада сұранысқа ие электр газбен дәнекерлеуші, тігінші, видеомонтаждау, графикалық дизайн сияқты 13 цифрлық дағдылар мен жұмысшы мамандықтары бойынша тегін қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылған. Әрі қарай жұмысқа орналастыруға жәрдем беріледі. Жоба оң нәтиже беріп үлгерді. 7 айда 7 мыңға жуық адам жоба мүмкіндігін пайдаланды.1200-ден аса адам оқытудан өтіп, 1100 адам жұмысқа орналастырылды. Жобаның айрықша ерекшелігі – халықпен белсенді жұмыс істеу», - деді депутат.

Оның пікірінше, «Жол тап» жобасының алгоритмі өз тиімділігін көрсетті.

Осыған байланысты біз, «Ауыл» партиясы бұл тәсілге қолдау көрсетіп, оның ауқымын еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту қажет деп санаймыз. Өйткені бұл жоба мемлекет басшысының NEET жастарының үлесін азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруда тиімді құрал бола алады. 2023 жылы Үкімет отырысында аймақтағы әкімдіктерге «Жол тап» пилоттық жобасы мысалын қолдануға тапсырма берілген еді. Өкінішке қарай жарты жыл уақыт өтсе де өңірлерде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте аталған бағдарлама тәсілдері қолға алынбай отыр.

Олжас Абайұлы, қалаларға келген ауыл жастарын жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін қабылданған Үкімет тарапынан шешімге тағы да қосымша серпін беруіңізді сұраймын», - деді Жигули Дайрабаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама