×

Алматыда бейберекет салынатын құрылысқа тыйым салынады

Жыл соңына дейін мораторий жарияланды

 Дастан Жұмабекұлы 29.02.2024 | 15:36
Фото: zhasalash.kz

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қалада бейберекет салынатын құрылысқа тыйым салынатынын, яғни жыл соңына дейін кейбір жобаларға өзгерістер енгізуге мораторий жарияланатынын айтты.

Бұл жоспарды ол Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде жария етті.

Кездесуде жергілікті тұрғындар қала әкімінен құрылғанына 10 жыл болған Наурызбай ауданының дамып, құрылыстың күн өткен сайын көбейіп жатқанын, алайда бейберекет құрылыстың саны көбеймесе, азаймай отырғанын айтып, осы мәселені шешуде қандай жолдардың бар екенін сұрады.

Алматы қаласының әкімі былтыр мамыр айында Үкімет 2040 жылға дейін қаланың бас жоспарын бекіткенін, содан кейін оны сарапшылар мен қала тұрғындары талқылап, әкімдікке ұсыныс жібергенін, сол ұсыныс бойынша жаңа жол ережелерінің қабылданғанын атап өтті.

Алматының болашақ дамуы орта қабатты құрылысқа негізделген. Енді бейберекет құрылысқа рұқсат берілмейді. Жыл соңына дейін мораторий жарияладым. Егер өзгеріс қажет болса, келесі жылы қарастырамыз. Ауданды дамыту бойынша тұрғындардың пікірі барынша ескерілді. Қызыл жол бойынша да қателіктерді ретке келтірдік. Бірақ қалада дамудың белгілі бір басымдығы бар екенін және олар әрқашан жеке азаматтардың пікірімен сәйкес келмейтінін түсіну керек. Мысалы, Наурызбай ауданында біз қоғамдық кеңістікті барынша жақсартуға тырысамыз. Болашақта барлық үйлер жерасты тұрағымен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдармен салынады, – деді ол.

Сонымен бірге қала әкімі кездесуде наурыздың соңына дейін аудан халқына қызмет көрсету үшін 27 жаңа автобустың сатып алынатынын, сәуір айында қоғамдық кеңістіктерді жайластыру, балалар спорты алаңдарын салу, көгалдандыру және сыртқы жарықтандыру желілерін орнату арқылы Қарғалы өзенінің ұзындығы 7,7 шақырым жағалауын абаттандыру ісі басталатынын, бұл жұмыстың желтоқсан айына дейін жоспарланғанын атап көрсетті.

Наурызбай ауданында алғашқы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2024 жылдың қыркүйегінде басталады. Аудандағы емханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қыркүйек айында Құрамыс және Шұғыла шағын ауданында 500 адам қабылдайтын екі жаңа емхана, Ақжар шағын ауданында 200 адам қабылдайтын 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Биыл Ақжар, Шұғыла шағын ауданында тағы 8,8 шақырым жол салу жоспарланып отыр. 55 көшеде 28,7 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Тағы 70 мың шаршы метр жол төсемі жаңартылады, – деді Ерболат Досаев.

Кездесуде Наурызбай ауданының барлық көшелері жыл соңына дейін жарықтандырылатыны да айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама