×

Мәжіліс отбасының шырқын бұзғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын қабылдады

Оған қарсы дауыс берген депутаттар да болды 

 Дәурен Ерболат 28.02.2024 | 15:15
фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін әйеліне қол көтергендер сотталып, педофилдердің өмірбақи бас бостандығынан айырылатыны хабарланған болатын.

Заң жобалары президенттің зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленді. 

Бұл заң жобалары барлық азаматтың, оның ішінде қоғамның ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқығы мен мүддесін қорғауда қалқан болуға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Бастысы, қоғамымыздың негізі отбасындағы береке-бірлікті нығайту құндылықтары енгізіліп отыр, - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова. 

Онда төмендегі нормалар бар: 

  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;
  • Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;
  • Қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (16 жасқа толмағандарға қатысты) жасын анықтауға;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап, тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;
  • Сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзету енгізілді.

Дауыс беру барысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады, 3 депутат қарсы болды, 5 депутат қалыс қалды.

Сонымен қатар «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады, 1 депутат дауыс бермеді, 2 депутат қарсы болды, 6 депутат қалыс қалды. 

Заң жобалары екінші оқылымда қабылданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін маңызды заң жобасы қаралғанын атап өтті.

Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бұл құжат мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталды. Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық – қоғамда жиі талқыланатын өзекті және өткір мәселе. Аталған проблеманы құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтеріліп жатыр. Аргессорлар мен абъюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде, - деді спикер.

Сондай-ақ ол әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны күшейтуді халық көптен бері талап етіп келе жатқанын еске салды.

«Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек. Ата дәстүрімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнауы керек», - деді Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама