×

Жемқорлыққа қарсы байқау: 8-сынып оқушысы компьютер ойынын ойлап тапты, астаналық студент комикс жазып шықты

Оқушылар мен студенттер арасындағы республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды

 Гүлбаршын Нұрхан 27.02.2024 | 14:53
фото: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі былтыр оқушылар мен студенттер арасында «Жемқорлыққа қарсы жобалар мен идеялар байқауын» ұйымдастырған болатын. Жуырда 200-ден астам үміткер қатысқан байқаудың қорытындысы шығып, бүгін жеңімпаздар салтанатты түрде мараптталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Байқау қорытындысы бойынша үздік шыққан жоба авторлары – Карина Филиппи мен Нұрәлі Амангелдиевке «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов 1 миллион теңгенің сертификатын (әрқайсысына) табыстады. Оның айтуынша, жеңімпаздарға алдағы уақытта қолдау көрсетіліп, өзара тығыз жұмыс атқарылады.

Осындай жобаға керемет идеямен келгендеріңізге рақмет. Жобаларыңызға сәттілік тілейміз. Біз тек 1 миллион теңгеден сертификат беріп қана қоймай, толық қолдау көрсетеміз. Әдістемелік, заңдық және жобалардың әрі қарай жарнамалануы жағынан да көмек керек болса, біз әрдайым дайынбыз, - деді Дидар Смағұлов.

Карина Филиппи жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша комикс жазып шыққан. Комикстің атауы – «Қазақи рух. Заңдылық пен әділдік жолында». Бұл комиксте жемқорлыққа тап болған бас кейіпкердің күресін жас оқырманға үлгі етіп көрсетеді.

«Мен 17 жастамын. Қазір Тұран-Астана университетінде құқықтану факультетінің 1-курс студентімін. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша мектептерге арналған шағын комикс түрінде оқу құралын жазып шықтық. Біздің аудитория – негізінен 12 мен 18 жас аралығындағы оқушылар. Басты мақсатымыз - жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру.

Қазір менің замандастарым комикс оқығанды жақсы көреді, сондықтан осы бағытта жазғым келді. Бұл комикс қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Комикстегі бас кейіпкер – Адель әртүрлі жемқорлық жағдайымен бетпе-бет келеді. Оның ерекше күші бар, ол – жемқорлыққа қарсы тұру. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың соңы, нәтижесі де қандай болатыны да айтылады. Сондай-ақ біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің телефон номерлерін де жаздық. Себебі, оқушылар осындай жағдайларға тап болғанда қайда хабарласатынын білуге тиіс», - деді Карина.

Жас автор комикстің бірінші бөлімін жазып бітірген. Алдағы уақытта төрт бөлімнен тұратын тұтас туынды оқырманға жол тартады.

Карина Филиппи комикстегі көрнекі суреттердің бәрін өзі салып шыққан. Ал комикс мәтініне жетекшісі (комикстің телавторы) Ақерке Файзуллақызы көмектескен.

Тағы бір байқау жеңімпазы Нұрәлі Амангелдиев (Абай облысы, 8-сынып оқушысы) жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолында компьютер ойынын ойлап тапқан. Нұрәлінің өзі өмірде жемқорлыққа қатысты түрлі жағдайға тап болған екен, сондықтан басынан өткен идеяны жүзеге асырған.

«Қазақстандағы жемқорлық мәселесі мені алаңдатады, сол себепті ойын ойлап табу идеясы келді. Осы арқылы жастарды жемқорлықпен күресуге және сыбайлас жемқорлықтың не екенін білуге шақырғым келеді.

Бұл ойындағы бас кейіпкердің аты – Алпамыс. «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» деген қазақ фильмін көріп, осы есімді қойғым келді. Алпамыс өзінің шыншылдығы және әділеттілігімен ұнады.

Сондай-ақ ойында күнделікті біз кездесетін жағдайлар берілген. Жерді жалға алудан бастап мемлекеттік қызметтегі адамдардың жемқорлық әрекетіне дейінгі оқиғаларды қамтиды. Бас кейіпкер – жемқорлық жағдайларына тап болған қарапайым адам. Мен де өмірде бірнеше рет жемқорлықтың куәсі болдым. Сондықтан осындай ойын ойлап таптым», - дейді Нұрәлі.

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов жобаға 200-ден астам жұмыс түскенін атап өтті. Бұл республикалық байқау студенттер мен оқушылар арасында жыл сайын ұйымдастырылып отыратын болады.

«Бұл республикалық байқау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігімен бірге ұйымдастырылған болатын. Біз байқаудың серіктесі ретінде конкурсқа қатыстық. Жалпы байқауға 200-ден астам жұмыс түсті. Қазақстан бойынша әртүрлі жобалар мен идеялар болды. Біз ең мықты 5 жобаны таңдадық. Сол 5 жобаның екеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жасалған. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес, қылмыстық жауапкершілікпен қатар, жемқорлықтың алдын алу шаралары, қоғамда жемқорлыққа қарсы тиісті мәдениет қалыптастыру керек. Ал мәдениет қоғамның жастары арасында қалыптасады. Сондықтан мектептер мен университеттерде осындай жобаларды қолға алдық. Бұл жоба әр жыл сайын ұйымдастырылып отыратын болады», - дейді Дидар Смағұлов.

АНЫҚТАМА:

Абай облысының 14 жастағы тұрғыны Нұрали Амангелдиев «Сатылмайтын Алпамыс» компьютерлік ойынынында әртүрлі жағдайлар модельденетінін айтты. Алпамыс ойын барысында шешім қабылдауы қажет түрлі жағдайларға тап болады. Әзірге ойын тек компьютерге арналған. Алдағы уақытта оны мобильді құрылғыларға және VR форматына бейімдеу және App Store мен Google Play-ге шығару жоспарланып отыр.

Ал, «Қазақи рух: Заңдылық пен әділдік жолында» комиксінің басты кейіпкері – сыбайлас жемқорлықты көру қабілеті бар Әділ есімді бала. Сюжетте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың байланыс нөмірлері көрсетілген. Әзірлеушілердің бірі, суреттердің авторы, Тұран университетінің 1 курс студенті Карина Филиппидің айтуынша, комикс қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған 5 бөлімнен тұрады. Комиксті Астана қаласының 100 мектебіне таратып, оны құқықтану сабақтарында оқу құралы ретінде пайдалану жоспарда бар.

Екі жоба да алдағы уақытта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және «Әділдік жолы» РҚБ қолдауымен жүзеге асырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама