×

Алматыда «салық комитетінің бастығы» компания өкілінен 5 млн теңге талап еткен

Мемлекеттік кірістер департаменті мұндай жағдайда өздеріне тікелей хабарлауды сұрады

 Еркеғали Болатұлы 27.02.2024 | 13:57
фото: pibig.info

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар «салық салушының» видеосын талқылап жатыр. Алматыда ер адам өзін салық комитетінің бастығы ретінде таныстырып, компаниялардың бірінің кеңсесінде «тыныштық үшін» 5 миллион теңге талап еткен.

Бүгін Алматыда таңғы сағат 9:45-те компанияның кеңсесіне костюм киген 50 жастағы ер адам кіріп, өзін таныстырмастан, кабинетте компания қызметкерлерімен амандасты. Сәлемдесуден кейін менің аты-жөнімді атап, басқа кабинетке бөлек шығуды өтінді. Оңаша шыққанда ол бұрын Түрксіб ауданы бойынша салық қызметінің бастығы болғанын, қазір Алматы қаласы Салық комитетінің бастығы екенін, Астанаға ПД бастығының қабылдауына бара жатқанын айтты. Өзінің қамқорлық көрсететінін айтып, сол үшін 5 миллион теңге талап етті, – дейді видео авторы.

Сондай-ақ ол өзінің полицияға жүгінгенін мәлімдеді. Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, оларда мұндай қызметкер жоқ.

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметкермен байланысты бопсалаудың жағдайы туралы ақпараттың желіде таралуына байланысты бұл ақпараттың жалған және шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Біздің аталған оқиғаға байланысты қызметкеріміз жоқ екенін нақтылаймыз, – деп хабарлады ведомство.

Ондағылар мұндай жағдайда департаментке тікелей хабарлауды сұрады. Ал полицейлер өзін салық қызметкері ретінде таныстырған ер адамды іздестіріп жатыр.

«Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстау шаралары қабылданды», – деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама