×

Қарағандыда тұрғындар су жүйесіне шағымданып жатыр

Бүгінде аймақтың 117 елді мекенінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ

 Динара Амантай 23.02.2024 | 14:44
Фото: astanatv.kz

Қарағандыда су құбырларында апат жиілеп кетті. Қала тұрғындары екі күннің бірінде сусыз қалатындарын айтып, жиі шағымданатын болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Астана» телеарнасының мәліметінше, су құбырларында апат биыл қыста тіпті жиілеп кеткен. Осы айдың өзінде бірнеше көпқабатты үй мен жеке сектор тұрғындары он шақты рет сусыз қалды. Әсіресе Сұрыптау, Михайловка, Майқұдық шағын аудандарында су жиі өшеді.

Тұрғындар бірнеше рет шағым жасаған. Ыстық су, жылу болмай қалады. Құбырлар ескірген шығар. Ескі екені көрініп тұр. Енді ақша бөлу керек қой. Бірақ оны бөлгенмен бәрібір жеп қояды, – деді қала тұрғыны.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, суды үнемі өшіріп тастап отырады екен. Ақысы уақытымен төленсе де, қызметтердің сапасы өте нашар.

Тұтынушыларды ауыз сумен қаматамасыз ететін «ҚарағандыСу» мекемесінің мәліметіне сәйкес, құбырлар жүйесі 61% тозған. 1958 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жыл сайын оның 2%-ы ғана ауыстырылады. Одан артық айырбастауға қаржы жетпейді. Оның үстіне қатты аязда жердің тоңы 1,5 метрге жетіп, әрі сынғыш, әрі онсыз да ескі шойындарды істен шығарған.

Жаңағы адамдардың көзқарасын, менталитетін өзгерту үшін тарифті де көтеру керек. Сосын мемлекет пен біздің құрылыс комитетінің тарапынан қаражат бөлінуі керек. Қаражат екі жақтап бөлінген уақытта біз 2-ақ пайыз емес, 5-6 пайызға дейін көтереміз, – деді «ҚарағандыСу» ЖШС-ның бас директоры Ербол Төлеуов.

Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, су құбырларына былтыр 10 миллиард теңгедей қаржы бөлінген, ал биыл 4 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Алайда бұл қаражаттың тұтынушыларға пайдасы аз.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі осы салада біраз былықтың бетін ашты. Мәселен, мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізу барысында су құбырының жекеменшік жерге тартылғаны анықталды. Бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл жемқорлық тәуекелдерінің барын көрсетеді.

Мониторинг барысында жекеменшік жерде 500 млн-нан астам осы су құбырын салу фактісін анықтадық. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы құбырлар салынғаннан кейін оларды мемлекеттің еншісіне алу процедурасы жүргізіліп жатыр. Арнайы орталықтандырылған қызмет құру қажет. Көрдіңіз бе? Әкімдіктер, мысалы, қызметті сатып алады. Ол жерде техникалық мамандар жетіспейді, білімі төмен мамандар бар. Ал егер де арнайы орталықтандырылған қызмет болса, ол жерде нақты қадамдар болады, –  деді «Әділдік жолы» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Рустам Танишпеков.

Айта кетсек, су жүйесі қалада ғана емес, облыста да көңіл көншітерлік жағдайда емес. Бүгінде өңірдің 117 елді мекенінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Оның ішінде 5-еуі суды көрші ауылдардан тасып ішеді. Тіпті, Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларының өзінде су тартылмаған көшелер бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама