×

Қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылған қостанайлық сотта 500 мың теңге өндіріп алды

Полиция басқармасының бастығы талапкерден ресми кешірім сұрады

 Динара Амантай 08.02.2024 | 16:13
Фото: Halyq Uni

Қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылған қостанайлық азамат сотта 500 мың теңге өндіріп алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2002 жылы талапкер өзінің 2006 жылы ҚР ҚК-нің 175-бабы 1-бөлігі бойынша ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білген. Іс бойынша белгісіз бір адам ұсталып, өзін талапкердің есімімен таныстырған және 2006 жылдың сәуірінде тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

2022 жылы талапкердің шағымы бойынша Қостанай қаласының прокуроры қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, сот-қолжазба сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша қылмыстық іс материалдарына қол қойған талапкер емес, басқа адам екені анықталған. Ұсынылған фотокарта бойынша жәбірленуші оны танымады. Осыған байланысты талапкерге қылмыстық іс бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бұл ретте Қостанай қаласы полиция басқармасының бастығы талапкерден ресми кешірім сұрады және оған моральдық зиянды өтеу құқығы түсіндірілді.

Кейін талапкер сотқа моральдық зиянның орнын толтыру туралы талап арызбен жүгінген. Ол бұл жағдай туралы ұлының құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасу барысында білгенін айтты. Себебі әкесінің «қылмыстық құқықбұзушылық жасауына» байланысты оны жұмысқа орналастырудан бас тартылған.

Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ретінде Қаржы министрлігінен 500 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысы өндірілді, – делінген сот хабарламасында.

Жауапкер сот шешімімен келіспей, оған шағымданды. Апелляциялық сатыда сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама