×

Министрлік қателігі: үлгілі сержант не қызмет санатында жоқ, не әскери есепте бар-жоғын білмейді

Қызмет бабымен Астанаға ауысып келген Ринат Қуанышев әбден әуреге түскенін айтты

 Ербол Тұрымбет 06.02.2024 | 16:24
Ринат Қуанышев, әскери қызметкер

Семейлік әскери қызметкер Ринат Қуанышев Қорғаныс министрі орынбасарының қателігінен әбден әуреге түскенін айтады. Қызметін мүлтіксіз орындап жүрген үлгілі сержант бүгінде қызмет түгіл, әскери есепте бар-жоғын білмейді. Одан бөлек, Астана мен Семей қалаларының ортасында көшіп-қонып жүрген шығынын министрліктен өндіре алмай әлек.

Ринат Қуанышев Семейдегі 30217 әскери бөлімінде ұрыс және дене тәрбиесі нұсқаушысы болып қызмет етіп жүрген жерінен Қорғаныс министрі орынбасарының 2022 жылдың 15 тамызындағы бұйрығымен Астанадағы С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің оқу взводының командирі қызметіне ауысқан. Бұйрық шыққан соң Астанаға келіп, 24 тамызда колледж есебіне алынып, барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіледі.

Осы жерде бір мәселе ескерілмеген: Ринат Қуанышев Астанаға келгенде, яғни 10 тамызда келісімшарт мерзімі аяқталған. Соған қарамастан ол колледждегі қызметіне тағайындалып, өз жұмысы бойынша міндеттемелерін қабылдап алады.

Негізі Астанаға келе салысымен колледж онымен келісімшарты әрі қарай ұзартуға тиіс еді. Алайда, колледж басшылығы оны істемей отыра берген. Соның салдарынан Қуанышев заң бойынша өзіне тиесілі көшіп-қону шығыны мен бір реттік көтермелеу жәрдемақысын ала алмай қалды. Бұлай жүре бергісі келмеген соң жұмыстан шығу туралы рапорт жазады. Қым-қиғаш әрекеттің бәрі осы жерден басталады, - дейді заң кеңесшісі Бауыржан Толымғожинов.

Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары жаңа бұйрық шығарып, «Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін Қуанышев жаңа келісімшарт жасасу туралы рапорт бермеді және келісімшарт мерзімін ұзартпай, ол жаңа әскери лауазымға тағайындалмауы керек» деген желеумен Астанадағы колледжге тағайындау туралы бұйрығын өзі бұзған-мыс.

Әйтсе де, Қуанышевтың 2022 жылдың 24 тамызынан бастап 2022 жылдың 6 қыркүйегіне дейін әскери колледжде оқу взводы командирінің функционалдық міндеттерін нақты орындағаны әрі мүлтіксіз орындағанын барлық тарап мойындап отыр. Оның үстіне, Астанаға жібермес бұрын Семейдегі әскери бөлім Қуанышевтың келісімшарт мерзімі 2022 жылдың 10 тамызында бітетінін біледі, соны ескертіп, 15 шілдеде хабарлама да жіберген.

Бұл әңгіме бас штабқа дейін жетеді. Оны сол жаққа шақыртып алып, «мұнда қызмет ептесең, Семейге қайт, жұмыстан шыққың келсе, сол жақтан шық» дейді. Сөйтіп, министрліктен колледжге келсе, колледж оны кіргізбей қояды және қолына Семейге қайту туралы қағазды ұсынады. Сөйтіп, Семейге оралып, бұрынғы қызметіне кіріседі.

Біз істегі заңсыздықтарды көріп, сотқа бердік. Бірақ бірінші инстанцияда жеңіліп қалдық. Алайда кейін Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ол шешімнің күшін жойды, - дейді заңгер.

Осыған байланысты Қуанышев қайтадан Астанадағы колледжге келіп, С. Нұрмағамбетов колледжінен 2023 жылдың 9 наурызында өз еркімен жұмыстан шығады. Сосын нарықтан лайықты жұмыс тауып, қарапайым азамат ретінде тіршілігіне араласып кетеді.

Алайда, Қорғаныс министрі қайтадан Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіреді. Жоғарғы сот қайтадан Әскери соттың шешімін жойып, бірінші инстанцияның шешімін дұрыс деп таниды. Ал бұл уақытта Қуанышев әскери салаға қатысы жоқ азамат ретінде тіршілік етіп жатқан-ды.

Есесіне, Жоғарғы сот шешімінің негізінде Бас штаб басшысы әскери колледж басшысының Қуанышевты жұмыстан шығару туралы 9 наурыздағы бұйрығының күшін жояды.

Түптеп келгенде Ринат Қуанышев не Семейдегі әскери бөлімнен, не Астанадағы колледжден қызметтен босатылмаған-мыс. Екіншіден, Семей мен Астана қаласының арасында ары-бері көшіп-қонып жүрген шығыны мен бір реттік көтермелеу жәрдемақысын да ала алмай қалады.

Өзінің айтуынша, отбасымен бірге Семей мен Астананың арасында арлы-берлі үш рет қатынағаны үшін министрлік:

  • үш рет көші-қон шығынын;
  • үш рет көтермелеу жәрдемақысын;
  • 2009-2018 жылдар аралығындағы бір реттік тұрғын үй төлемін (Астананың тарифі Семейден жоғары) төлеу керек.

Барлығын қосқанда, шамамен 30 млн теңгеден астам қаражатты өндіре алмай жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама