×

«Мирус бастаған туристік жоба аяқсыз қалды»: Түркиядағы зілзалада қаза тапқан Мирболат Құрмашевтың інісі

Түркиядағы 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жойқын зілзалаға бір жыл өтті

 Айнұр Шошаева 06.02.2024 | 11:06
фото: марқұм Мирболат Құрмашев

Бүгін Түркияда болған жойқын зілзалаға бір жыл болды. Бұл апатта үш отандасымыз қаза тапқан болатын, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Түркияда болған зілзала салдарынан үш отандасымыз – Мирболат Құрмашев, Әділ Қадырбаев және Жанар Жақсыбекова қаза тапты. Соңғысы бірнеше жылдан бері Қахраманмараш қаласында үй күтушісі болып жұмыс істеген. Ал қалған екі отандасымыз жұмыс бабымен Хатай қаласына барған. Марқұмдармен бірге болған әріптесі – қазақстандық Сабина Мамадьярова үйіндінің асынан аман шықты. Құтқарушылар тапқан кезде қолы сынғаны белгілі болды.

Мирболат Құрмашевтың есімі қазақстандық IT қауымдастыққа жақсы таныс. Дұрысы Мирус Құрмашев деген атпен танымал еді. Ол – отандық ІТ саланы дамытуға үлес қосқан маманның бірі.

«Мағжан (Мәдиев) Astana Hub құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда Мирболат Құрмашев көп көмектесті, Ешқандай ақы сұрамады, тегін істеді. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT саласын дамытуға үлесін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамасы болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шетелде жүзеге асырамын деген еді», - деп еске алды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Сондай-ақ Мирболат Құрмашев Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған. Оның туған інісі Алмат Құрмашевтың айтуынша, ағасы Түркияға «Turla» деген стартап аясында кеткен.

«Turla» - Түркияда автокөлікпен саяхат жобасы еді. Яғни турист болып келіп, қосымша арқылы автокөлік жалдап, арнайы бағыттармен саяхаттау жобасы болатын. 2023 жылы көктемде нарыққа шығуы жоспарланған, сол үшін жаңа бағыттарды ашу үшін Хатайға жол тартқан еді. Сол бағыт бойынша қасиетті жерлер болғандықтан, ерекше бір турпакет дайындап жатты. Жоба тоқтады. Өйткені оған тың идея беріп отырған Мирус болды. Оны әрі қарай жалғастыратын ешкім жоқ», - деді ол.

Алмат марқұм ағасымен арада болған соңғы әңгімесін еске алды.

Соңғы рет 2023 жылдың 3 ақпанында сөйлестік. Ол кезде жоба туралы, инвестициялар туралы әңгімелестік. Әрине, Алматыда тұрған кезіндеәрине жер сілкінісімен таныс болған-ды. Бірақ Антальяда тұрған кезде жер сілкінісі болды ма, жоқ па білмедім. Жалпы айтпайтын, бұған дейін Хатайдағы сияқты жер сілкінісі болмаған еді, - деп қосты інісі.

Алмат зілзаладан кейін байланысқа шықпай кеткен ағасын іздеп Түркияға барған.

«Қасымда Мирустын достары – Мағжан, Абай, Расул, Тимур болды. Мағжан (Мәдиев) Түркияға баруды, Мирусты құтқару туралы бірінші болып ұсыныс айтты. Шұғыл жиналып, көмектесіп, бірге барғаны үшін ағамның достарына бөлек алғысымды айтамын. Бір қызығы, еш кедергі болған жоқ. Алланын қалауымен бізге барлық есік ашылды. Түркияға кешігіп қондық. Келесі рейсіміздің уақыты тақалып тұрған еді. Әуежайда келесі рейске жүгіріп бара жаттық, тіркеуге келген кезде, рейсіміз 30 минутқа ұзартылды. Тез бақылаудан өтіп, ұшаққа отырып үлгердік. Осындай хаос жағдайда, негізі кептелістерде тұрып, ұшаққа үлгере алмайтын кездер болады. Бірақ осы жағдайда барлық есіктер ашылды, өзім таң қалдым. Әрине, елге қайтар кезде, үкімет қызметкерлері бізге көмектесті. Құжаттарды жедел дайындап, көмектесіп, ұшаққа отырғызып жіберді. Ол қызметкерлерге де алғысымды айтамын», - деді Алмат.

Айта кетейік, Алмат Құрмашев – ІТ саласының маманы, цифрлық өнімдерді жобалау және брендинг бойынша сарапшы. Бұл салаға келуіне ағасы көп ықпал еткен.

Оның өмірлік қағидасы бар-тын. Ойын ашық айтқанды ұнататын. Шыңдықты айтатын. Елінің, халқының жанашыры, манифестор еді. Пайдалы жаңа идеяларды іске асыру, жастарға көмектесуге асығатын, қайырылымдық жасайтын еді, - дейді Алмат.

Мирболат Құрмашев Қазақстанның цифрландыру саласында көптеген жобалардың іске асуына бастамашы болған. Оның бірқатары бүгінде табысты жұмыс істеп, оның игілігін барша қазақстандықтар көріп отыр.

Ағам көптеген жоба жасады, оның ішінде ең ірісі: Digital Agent, Digital Arena, Digital Work жобалары. Бұл жобалар еліміздегі цифравизацияны дамытуға арналған жобалар еді, - деді Алмат Құрмашев.

Мирболат Құрмашевтың артында әйелі мен екі баласы қалды. Еліміздің ІТ қауымдастығы мен достары қаржы жинап, отбасына Алматыдан пәтер алып берді. Бұл туралы досы Мағжан Мәдиев жазған болатын. 

«Артында әйелі мен екі баласы қалды. Біздің IT қауымдастығымыз (тек IT қызметкерлері ғана емес) ынтымақтастық пен жауапкершіліктің өте жоғары деңгейін көрсетті. Біз тұрғын үй сатып алуға қаражат жинай алдық... Бұл ақша Алматы қаласынан жайлы пәтер алуға мүмкіндік берді. Келісім 2023 жылдың 19 мамырында жасалды. Пәтер Қор тарапынан сатып алынып, бірден сыйға тарту шартымен Мирустың үлкен ұлы Құрмашев Амильге берілді», - деп жазды ол.

Аталған бастамаға 13 заңды және 108 жеке тұлға көмектескен. Оның ішінде Жәния Әубәкірова, Асқар Жұмағалиев, Қуанышбек Есекеев, Бағдат Мусин және басқа да елге белгілі тұлғалар мен компаниялар бар. Алмат Құрмашев ағасының отбасына жәрдемдескен барша достарына алғыс айтты. 

Еске сала кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын 10 сағаттық интервалмен Түркияның оңтүстік-шығысында екі зілзала болды. Алғашқысы (7,8 балл) жер сілкінісінің эпицентрі Газиантептің Шехиткамиль ауданында, екіншісі Қахраманмараштың Экинёзю (7,5 балл) ауданында тіркелді. Бұдан кейін бірнеше жер сілкінісі қайталанды. Зілзаладан елдің Хатай, Қахраманмараш, Газиантеп, Адыяман, Малатья, Адана, Диярбақыр, Шанлыурфа және Килис провинциялары зардап шекті, қаза тапқандардың саны 50 мыңнан асты. Мамандар бұл 1939 жылы Түркияның Эрзинджане провинциясында болған зілзаладан кейінгі ең орасан апат болғанын айтты.

6 ақпан Түркияда табиғи апаттар құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Былтыр осы күні қуаты 500 атом бомбасына тең жер сілкінісі болып, 53 мың адамның өмірі қиылды. Бауырлас ел оны «ғасыр апаты» деп атады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама