×

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Астанада волонтерлер іріктеледі

Олар шет тілін міндетті түрде білуі керек

 Дәурен Ерболат 01.02.2024 | 17:42
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл 8-15 қыркүйек аралығында Астанада тұңғыш рет өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына студенттер волонтер ретінде тартылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айтулы іс-шараға қаладағы колледждер мен университеттердің мыңға жуық студенті волонтер ретінде тартылады. Волонтерлер қатарына қабылдау туралы түсіндіру жұмысы елордалық оқу орындарында жүргізіледі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында волонтерлерді іріктейміз. Бұл жұмыс студенттердің арасында жүргізіледі. Олар ағылшын және түрік тілдерін білуі керек. Волонтерлер тамақ және көлікпен қамтамасыз етіледі, - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Волонтерлер қатысушыларды қабылдау, оларды аккредиттеу орталығы мен қонақ үйлерге апару, спорттық іс-шаралар өткізілетін кешендерге көмек көрсету, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, ойын кезінде қатысушыларға тамақ жеткізу және тағы басқа жұмысқа жауап береді.

Волонтерлік қызметпен айналысқысы келетіндер worldnomadgames.kz сайтының «Волонтер» бөліміне кіріп, сауалнаманы толтырады. Толтырылған сауалнамалар іріктеледі.

Қосымша ақпаратты Instagram және TikTok-тағы @Volunteer_nomadgameskz парақшасынан және WhatsApp және Telegram-дағы 8 701 841 20 24 нөмірі арқылы білуге болады.

Айта кетейік, биыл 8-15 қыркүйек аралығында елордада алғаш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Онда спорттың 20 түрінен жарыстар ұйымдастырылады. Оған әлемнің 100-ден аса елінен 4 мыңға жуық өкіл қатысады.

«Қазанат» ипподромында және этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулау жарыстары, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны сарайында ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары бойынша жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама