×

«Адамға қаупі жоқ, бірақ егістіктер зардап шегеді»: Астанада шетелден әкелінген бірқатар өсімдікке карантин жарияланды

Өсімдікті Қазақстанға жеткізген жауапты адамдарға айыппұл салынды

 Айнұр Шошаева 01.02.2024 | 13:33
фото: Halyq Uni

Астанада өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар Ресей мен Нидерландыдан әкелінген зиянкестері бар өсімдіктерді жою жұмыстарын жүргізді. Қазақстанға әкелінгенде аталған өсімдіктердің тиісті сертификаты болмауына байланысты карантинге жатқызылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Елорданың фитосанитария саласының мамандары Ресейден әкелінген декоративті өсімдіктердің ішінде сертификатсыз және залалданған екі жағдайды анықтады. Оның алғашқысынан 8, соңғысынан 86 таңқурай мен магнолия көшеттерін карантинге алынды. Бұл факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, өсімдік иелеріне жалпы сомасы 40 АЕК көлемінде (285 680 теңге) айыппұл салынды.

Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлар Нидерландыдан әкелінген 660 қалампырдың батыс гүл трипсін жұқтырғанын анықтады, өсімдік карантинге алынды. Зиянкестермен зақымданған өсімдікті Қазақстанға әкелу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен өнім иесіне 72 450 теңге айыппұл салынды.

Мамандардың айтуынша, батыс гүл трипсі өсімдіктердің 250-ден астам түріне жемістер, көкөністер мен гүлдерге зиян келтіреді. Себебі, зиянкестер өсімдік жасушасының шырынымен қоректенеді, тараған кезде өсімдіктің жаппай қурап, өлуіне әкеліп соқтырады . Сонымен қатар, гүлдің трипсі қызанақтың қауіпті вирусын тасымалдаушысы болып табылады.

2023 жылы елордалық мемлекеттік инспекторлар фитосанитариялық талаптарды бұзудың 282 фактісін анықтаған. Оның ішінде карантиндік объектілермен ластанған өнімдердің 16 жағдайы тіркелді. Анықталған фактілер бойынша өнімдер өртеу тәсілімен жойылып, жалпы сомасы 23,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

«Былтыр карантиндік объектілер зақымданған өнімдерді жоюдың 16 жағдайын тіркеді. Оның ішінде 6 жағдайы трипспен зақымданған өнімдер: олар Литва, Израиль, Нидерланды елінен әкелінген. Карантиндік объектілер анықталған өнімдер сот шешімімен жойылуға тиіс немесе экспорттаушы елге кері қайтарылады. Одан адамның денсаулығына еш зиян жоқ. Алайда олар біздің егістіктер мен жылыжайларда таралған жағдайда басқа өсімдіктердің зақымдануына әкеледі. Сол себепті Қазақстанға әкелінетін импорттық өнімдер міндетті түрде жіберуші елдің фитосанитарлық сертификатымен тасымалдануы тиіс. Бұл құжат карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жай-күйін куәландырады, сондай-ақ өнімнің карантиндік объектілерден бос аймақтар мен аумақтардан өндірілгенін растайды, - деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекцияның басшысы Сымбат Қалиасқаров.

Оның айтуынша, өсімдіктерден анықталып жатқан зиянкестерден адам денсаулығына зиян жоқ. Алайда отандық ауыл шаруашылығы саласына қауіп төндіреді.

Одан адамның денсаулығына еш зиян жоқ. Алайда ол көшеттер егістіктер мен жылыжайларға отырғызылған жағдайда таралып, басқа өсімдіктердің зақымдануына әкелуі мүмкін. Сол себепті Қазақстанға келетін импорттық бақылаудағы өнімдер жіберуші елдің фитосанитарлық сертификатымен бірге болуы керек. Бұл құжат карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік фитосанитариялық жай-күйін куәландырады, сондай-ақ өнімнің карантиндік объектілерден бос аймақтар мен аумақтардан өндірілгенін растайды, - деп қосты ол.

Айта кетейік, өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұлттық ұйым ретінде Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Еліміздің аумағында қолайлы фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біздің фитосанитариялық талаптар жүйелі түрде бұза бастаған елдерге заң аясында уақытша шектеу қоя алады. 

«Ондай шектеулер кезінде бірнеше өнімге қатысты енгізілген болатын. 2-3 жыл бұрын Өзбекстаннан анар, кептірілген жеміс пен жүзімге қойылған. Қырғыз елінен әкелінген картоп өнімінде алтын түстес жұмыр құрттар жиі анықталуына байланысты қолданылды. Қазір ЕЭО-ға мүше ел болғаннан кейін, бірыңғай фитосанитарлық талаптар, карантинге жатқызылған өнімдер тізімі мен карантиндік объектілердің тізімі бекітілген. Бүгінде тізімде 248 карантиндік объекті бар, оның 14-і Қазақстан аумағында шектеулі тараған болып саналады. Ал қалған 234-і біздің аумақта жоқ, алайда олардың карантиндік маңызы бар. Осы 14 объект бойынша мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, оларды анықтау, мониторинг жүргізу, оқшаулау және жою жұмыстары жүргізіледі», - деді инспекция басшысы.

Қазақстанда шектеулі кездесетін карантиндік объектілердің арасында шығыстың жеміс жемірі, Комсток сымыры, қауын шыбыны, Калифорниялық қалқаншалы сымыр, америкалық ақ көбелек, жатаған қызғылт укекіре, арамсояу арамшөптері сияқты зиянды организмдер бар .

Өздеріңізге белгілі, 14 ақпан мен 8 наурыз мерекелері кезінде гүл саудасына сұраныс артатыны белгілі. Сол кезде инспекция бақылауды күшейтіп, бекеттерге қосымша мамандарды тартады, бір сөзбен айтқанда күшейтілген жұмыс режиміне көшеміз. Себебі фитосанитариялық қауіпсіздік ол азық-түлік қауіпсіздігі және ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып табылады, - деді Сымбат Қалиасқаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама