×

Ішімдік ішкен ананың баласы нәрестелер үйіне орналастырылды

Бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 8 мың адам есепке қойылды

 Дастан Жұмабекұлы 30.01.2024 | 10:00
Фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігі «Тұрмыс» республикалық іс-шарасы кезінде өз балаларының тәрбиелесіне немқұрайлы қараған 8 мың ата-ананы есепке қойды. Оның ішінде мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілді.

Мысалы, Петропавлда жас ананың емханаға шақырылған уақытта баласын дәрігерге әкелмей жүргені туралы хабарлама түсті.  Тексеру кезінде ананың ішімдік ішкені, нәрестенің шұғыл көмекке мұқтаж екені белгілі болды. Полиция баланы нәрестелер үйіне орналастырып, ал анасын нарколог дәрігердің есебіне қойып, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сот шешімі бойынша алкоголизммен ауыратын 206 адам наркологиялық ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды. Жүктелген міндеттерден қасақана жалтарғаны үшін сотталған 101 адамға қатысты, соттарға жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою туралы ұсынымдар жіберілді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босаған 34 адамға қатысты өтініш қанағаттандырылып, олар бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды», – делінген материалда.

Бұрын сотталған 91 адамға қатысты қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзғаны үшін соттар ішкі істер органдарының өтінішхаты бойынша әкімшілік қадағалау белгіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама