×

СІМ Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады

Бүгінде 20 мыңнан аса жерлесіміз бұл елде заңды түрде еңбек етіп жүр

 Дәурен Ерболат 15.01.2024 | 17:36
фото: Корея мәдениет және ақпарат қызметі

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстардықтарға үндеу жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында журналист ресми өкілге өзекті сұрақ қойды.

Қазір әлемдегі жағдай ушығып тұр. Йеменде не болып жатқанын білесіз. Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы жағдай да күрделі. Ол жақта заңсыз жүрген қазақтар көп. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі үндеу жасап, олардың елге қайтуына қандай да бір кеңес беріп, қандай да бір шаралар қабылдай ма? - деді ол.

Айбек Смадияров қазір Оңтүстік Кореядағы жағдай тұрақты екенін атап өтті.

Оларға қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан Кореяның аумағында заңсыз жүрген азаматтарға өтініш бар. Олар заңды сақтап, елде заңды түрде жүруі керек. Оларға басқа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, - деді ол.

Ресми өкіл заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтардың кесірінен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында түсінбестік туындауы мүмкін екенін жеткізді.

Біздің қоғам тек заңсыз жүрген қазақстандықтарға ғана көңіл бөледі. Шыны керек, Оңтүстік Кореяда 20 мыңнан аса Қазақстан азаматы заңды түрде жұмыс істеп жүр. Онда еңбек етіп жүргендердің көбі – (этникалық, – автор) кореялықтар. Бәрі заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Егер қандай да Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяға барып, заңды түрде жұмыс істеймін десе, еш кедергі жоқ. 

Алайда кейбір азаматтар қос ел арасындағы визасыз режимді пайлаланып, екі мемлекетті де алдап, сонда заңсыз қалып отыр. Осыдан проблема туындап жатыр. Алайда екі мемлекеттің арасында заңды түрде жұмыс істеуге қатысты еш кедергі жоқ. Онда дәрігерлер, жоғары білімді IT мамандары еңбек етіп жатыр», - деді Айбек Смадияров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама