×

Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі мен адвокаты да сотталушылар тізіміне енді

Ғалия Ысқақова үйқамақта отыр, Мұстақым Төлеев қамауға алынған

 Айгерім Таубай 12.01.2024 | 12:10
коллаж: Halyq Uni

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақоваға, қылмыстық іс бойынша министрдің адвокаты болған Мұқтасым Төлеевке қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.

Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.

Сот отырысында адвокат қылмыстық-процестік кодекстің талаптары бұзылғанын алға тартып, істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Сондай-ақ Ғалия Ысқақоваға қатысты «үйқамақта ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын «елден шықпау түріндегі қолхатқа» ауыстыруды сұрады.

Сотталушылардың бірі – Мұстақым Төлеев Ысқақоваға қатысты арызды, кінәсін мойындап келгені туралы арызды дәлелдер арасынан алып тастауды, Ысқақоваға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Сондай-ақ өзіне қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.

Ал Төлеевтің адвокаты қорғауындағы Мұстақым Төлеевке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын «үйқамаққа» немесе «өтемақыға» ауыстыруды сұрады.

Істі қарап жатқан судья Тасымбетов сотталушылар мен олардың адвокаттарының өтінішхатын қанағаттандырмады.

Айта кетейік, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты 2023 жылдан бері бірнеше қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ұлттық музейге қатысты іс бойынша экс-министр 8 жылға сотталды.

2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікпен қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

11 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың қаулысымын «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты тағы бір іс біріктірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама