×

Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау уақыты екі айға ұзартылды

Экс-министр 9 наурызға дейін қамауда болады

 Халық үні 11.01.2024 | 17:23
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау уақыты ұзартылды. Ақпаратты Астана қаласы сотының баспасөз қызметі растады.

Осылайша экс-министр 9 наурызға дейін қамауда болады.

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. 

Бұған дейін Салтанат Нүкенованың отбасының қорғаушысы Жанна Оразбахова өзінің Instagram-дағы парақшасында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама