×

Астанада ер адам қайын апасын өлтіру үшін адам жалдаған

Ол сыбайласымен бірге сотталды

 Динара Амантай 09.01.2024 | 15:15
Фото: Астана қалалық сотының баспасөз қызметі

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында зайыбының әпкесін өлтіруге тапсырыс берген ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, жәбірленуші ер адамға сақтауға ақша берген. Ол бұл ақшаны жұмсап қойып, қылмысын жасыру үшін зайыбының әпкесін өлтіруді ұйғарған. Бұл үшін сотталушы 10 млн теңгеге кісі өлтіруге тапсырыс берген. Өз кезегінде тапсырысты қабылдаған ер адам танысына ақыға адам өлтіруді ұсынған. Алайда танысы бұл туралы полицияға хабар берген.

Полиция тапсырыс беруші мен кісі өлтірушіні ұстау мақсатында жәбірленушінің өлімін имитациялап, күдіктілерді ұстады.

Соттың 2023 жылғы 3 қарашадағы үкімімен тапсырыс беруші 10 жылға, ал ақыға кісі өлтірмек болған адам 7 жыл 6 айға сотталды. Қорғаушы тарап апелляциялық шағымдарында үкіммен келіспей, сотталушылар жәбірленушіні өлтіруге емес, оның ақша туралы біраз уақытқа ұмытуын көздеп, тек ұрып-соғуға тапсырыс бергенін айтты, – делінген сот хабарламасында

Алқа сотталғандардың кінәсі куәгерлердің берген айғақтарымен, әңгімелесу стенограммасымен, тәркіленген заттай дәлелдемелермен толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Осыған байланысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама