×

Отбасындағы зорлық-зомбылық істерін арнайы полицейлер тергейді – ІІМ

Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

 Дәурен Ерболат 08.01.2024 | 12:02
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресу үшін арнайы бөлімше құрылады. Бұл туралы IІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 8 желтоқсанда президенттің Жарлығымен (№409) бекітілген Адам құқығы және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес, Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленген. Олар отбасының берекесін қашыратындарға жазаны күшейтуді көздейді.

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Сонымен қатар оған әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттерін уақытша қарастыру ұсынылады. Сот «агрессордың» денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы болады. Осыған ұқсас ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді, - деді Ақмарал Серікбаева ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Аға инпектор енді отбасындағы зорлық-зомбылық істерін арнайы полиция тергейтінін жеткізді.

Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылады. Ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреспен айналысады, - деді аға инспектор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама