×

Биыл солтүстікке көшіп барған қандастарға 258 мың теңгеден беріледі

Жұмыс берушілерге де қомақты субсидия қарастырылған

 Дәурен Ерболат 04.01.2024 | 17:51
Фото: Halyq Uni

2024 жылы солтүстік облыстарға көшіп барған қандастар мен қоныс аударушылардың әрбір отбасы мүшесіне 258 мың 440 мың теңгеден төленеді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Министр Светлана Жақыпованың бұйрығымен 2024 жылға арналған қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 9 483 адам деп белгіленді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда, 554 адамға артық.

Бұйрықтың мақсаты – Үкімет айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларға жағдай жасау.

Биыл өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:

Қандастарға:

  • Павлодар облысы – 902 адам;
  • Қостанай облысы – 550 адам;
  • Ақмола облысы – 285 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 207 адам;
  • Абай облысы – 220 адам.

Қоныс аударушыларға:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2 702 адам;
  • Павлодар облысы – 2 603 адам;
  • Қостанай облысы – 950 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам;
  • Абай облысы – 255 адам;
  • Ұлытау облысы – 132 адам;
  • Қарағанды облысы – 36 адам.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы қарастырылған:

  • Көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) көлемінде біржолғы төлем;
  • 12 айда бір отбасына 15-тен 30 АЕК (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін) дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығысты жабу бойынша субсидиялар;
  • 400 АЕК (1 млн 476 мың 800 теңге) мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
  • Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
  • Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
  • Тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Айта кетейік, 1991 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін 1 млн 128,37 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды. 2023 жылы 21,3 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама