×

«Бір тазының құны 40 түйеге тең болған». Ердоған мен Макрон таңдай қаққан тазыларды өсірген маманмен сұқбат

Nomad ұлттық аңшылық клубы 2008 жылы құрылған

 Айнұр Шошаева 03.01.2024 | 16:31

Қазақстанда тазы өсіріп, көбейтумен айналысып жүрген клубтар бар, соның бірі – Nomad ұлттық аңшылық клубы. Бұл клубтың тазыларын бүгінде шетелдік президенттер мен мәртебелі меймандарға көрсетіп жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Nomad ұлттық аңшылық клубы 2008 жылы құрылған. Бірлестіктің жетекшісі Абзал Досыманның айтуынша, ұйым бүгінде тазыға құмар жандардың басын біріктіріп отыр.

Тазы өсірумен тек әуесқой ретінде емес, кәсіби тұрғыда айналысайық деген мақсат қойдық. Себебі 2000-жылдары елімізде тазылар күрт азайып кетті. Сол үшін қазақтың құмай тазыларын тек сақтап қалмай, оның санын көбейту мақсатында жұмыс істей бастадық. Сол мақсатымызға жеттік дей ойлаймын, өйткені біздің клубтан басқа да еліміздің әр түкпірінде түрлі клубтар мен тазықұмар жандар бар, - деді ол.

Құрылған күннен бастап бүгінге дейін клуб 1600 тазының күшігін сыйға тартқан. Ең алдымен шалғайдағы ауылдарда тұратын аңшылар мен жылқышыларға берілді. Күшіктерді не үшін, қандай мақсатпен беріп жатқаны түсіндіріліп, оның маңызы туралы мәлімет ұсынылады.

Қазақтың таза қанды құмай тазысы сарғыш түсті болып келеді. Моңғол шапқыншылығанан кейін моңғолдың иттерімен араласып, қара, сұр түсті болып кеткен. Біздің аңшылық клубтың алдына қойған мақсатының бірі – сарғыш-қызғылт түсті тазылардың саны көбейту. Бұл сиреп кеткен тазының бірі, қазір тазықұмар азаматтардың еңбегінің арқасында басы көбейіп келеді, - деді ол.

Еске сала кетейік, былтыр Қазақстанда қазақы ит тұқымдарын сақтау туралы заң қабылданды. Аталған заң Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін әзірленді. Құжат аясында қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылады. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге көзделген.

«Бұған дейін тазы белгілі бір тұқым ретінде тіркелмеген болатын. Егер ол жұмысты қолға алмағанда, басқа елдер тіркеп алатын ба еді. Сол үшін Дүниежүзілік спорттық және аңшылық иттер федерациясының тазыны халықаралық аренада тіркеу үшін бірнеше талап қойды. Соның бірі – елімізде тазылардың стандарттарын заңды түрде бекіту. Аталған стандарттар биыл бекітіліп, оған жауапты мемлекеттік мекеме айқындалды. Қазір осы жұмыс барысында «Охотзомпром» РМҚК мекемесіне қарасты ұлттық тазы-төбеттер орталығы ашылды», - деді клуб жетекшісі.

Қазір аталған клубтың 10-нан астам тұрақты мүшесі бар. Сондай-ақ тазыларды күтіп, тамағын әзірлеп, ветиринариялық іс-шараларына жауапты 10-ға жуық маман бар.

Айта кетейік, бұл клубтың тазыларын бірқатар елдің президенті тамашалаған, тіпті кейбіріне тазылар сыйға берілген. Мәселен, Абзал Досыманның айтуынша, 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ронни есімді тазысын сыйға тартқан. Сондай-ақ клубта өсірілген бір тазы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға сыйға берілгені белгілі болды. Ал жақында клубқа тиесілі тазыларды Франция президенті Эммануэль Макрон тамашалады. Ол биыл 1 қарашада Қазақстанға ресми сапармен келген болатын.

«Шетелден келген қонақтарға ұлттық дәстүрімізді көрсету үшін этноауыл құрылса, міндетті түрде бір киіз үй тазыға арналады. 2019 жылдан бастап бұл дәстүрге айналды. Меймандарға Слан, Эрза, Шағала, Қаршыға деген тазыларымызды көрсетеміз. Жақында Франция президенті Эммануэль Макрон келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазыларды көрсетіп, олар туралы ақпаратты айтып берді. Оның тазыларға қызығушылығы керемет болды, тіпті бірнеше сұрақ қойды. Мәселен, «тазыны аңдарға айдап саласыздар ма?» деді. Оны да түсінуге болады. Еуропада аңшылыққа деген көзқарас басқаша. Жалпы, мылтықпен ату сияқты аңшылықты өз басым қолдамаймын, бұл табиғаттың заңдылығымен болатын дүние болуы керек. Макронға «иттерді айдап салмаймыз, бұл генетикалық тұрғыдан жазық далаға шықса болса, ешкім айдап салмай-ақ аңшылықпен айналысады» деп түсіндірдім. Сондай-ақ тазылардың жасы туралы, оны қалай есептейтінімізді сұрады. Бағалаудың параметрлері өте көп екенін айттым», - деді спикер.

Оның айтуынша, қазақы тазыны дамыту қыруар еңбекті қажет етеді. Бүгінге дейін бұл жұмысты мемлекеттің қолдауынсыз істеп жатыр.

«Мемлекеттен тазы өсірушілерге көмек бар шығар. Біз мемлекеттен көмек күтпей-ақ бұл жұмысты 15 жыл бұрын өз күшімізбен бастадық. Бәлкім қолдау бар шығар, ол туралы ақпарат жоқ. Тазыны күтіп, өсіре білу керек. Мысалы тазының күшігі 5 айға дейін шикі етті аз жейді, бір күнде саусақтың жартысындай ғана ет беріледі. Негізгі тағамы – сұлыдан жасалған ботқа, сорпа. Жануардың генетикасын жақсартып, аңшылыққа дайындап жатқаннан кейін аялап күтеміз. Яғни, күнделікті жейтін тағамдарының мәзірін дайындап, сапасы қадағаланады. Бір сөзбен айтқанда тазы асырау екінің бірінің қолынан келетін жұмыс емес: күшіктерді ана сүтінен шығарып, оны ауыздандыруды да білу керек. Сондай-ақ ұрғашы тазылардың қасында арлан тазылардың болуы өте маңызды. Өйткені арланның қайсар мінезі болады, оны көрген ұрғашылар үйренеді. Барлық детальға мән беріледі», - деді ол.

Бүгінге дейін клуб өсірген тазылардың көбін сыйға тартқан, алайда сатып алушылардың сұранысы жеке қаралатынын айтады.

«Қазақта қанжар мен итті сыйға тартуға болмайды» деген ұғым бар. Біреулер киесі кетеді деп айтып жатады. Бірақ біз сыйға тартамыз, бірақ сатпаймыз. Сыйға тартуға болмағандықтан, ырым ретінде берген нәрсесін аламыз, мысалы ол 100 теңге болуы мүмкін. Ұлтымызда қарғыбау деген салт бар. Тазы бергенде оның құнын беру керек. Құны алған адамның ниеті мен мәрттігіне байланысты. Тазыны сыйлаған адам не берсе де риза болуы керек. Ертеректе қазақ қызын ұзатқанда – қалыңмалға берілетін бір тазының құны 40 түйемен тең болған. Бір түйенің құнын есептей беріңіз. Тазының бағасы құнсыз. Қазір менің жеке 18 тазым бар. Ал қоғамдық бірлестікте 50-ден астам тазы бар», - деді клуб жетекшісі.

Бұған қоса, ол тазыны тек күтіп, өсіре алатын азаматтарға бірқатар шартпен ғана берілетінін атап өтті.

Тазыны әркімге бере бермейміз, кейде сұрап келетіндер бар. Берген адамдарға шарт қоямыз. Ол күшіктерін күтіп, өсіре алатынына көз жеткіземіз. Әрқайсына күтім бойынша нұсқаулық беріледі. Арлан күшіктерді әрі қарай көбейту үшін пайдаланылады. Кемінде айына 2 рет біздің клубқа келіп, бірге тазы жүргіту сияқты талаптарды қойғанда іріктеледі. Кейде шарттарын естігенде бас тартатындар болады. Берген тазыны өлтіріп алған жағдайлар болды. Әр жағдай сабақ болып, талап күшейтіледі, - деді ол.

Айта кетейік, биыл елімізде стандарт бекітілді, ендігі кезекте республикадағы тазылардың статистикасын жүргізу жұмысы тұр. Абзал Досыманның пікірінше, қазір Қазақстанда кемі 7-8 мың бас тазы бар. Сондай-ақ ол соңғы жылдары елімізде қарқынды дамып келе жатқан тазы жарыстарына қатысты пікір білдірді.

«Соңғы жылдары тазы жарыстары, оның ішінде шырға тарту жиі өткізіліп жатыр. Оны ұлттық спорт немесе ойын деп айтуға болады. Басқа тазықұмар азаматтардың көңіліне келмесін, өз басым оны құптамаймын. Себебі шырға тартқан кезде көлікке муляжды байлап қойып, тазыны соның соңынан жүргіртеді. Жүгіргенде тазының жылдамдығы байқалады, кім бірінші жетсе, сол бірінші орын алады. Тазы оған жүгіргенде тірі жануар деп ойлайды. Ал жеткенде жасанды екенін көргенде тазының аңшылық түйсігін бұзады деп ойлаймын. Жеке пікірім, тазыға қатысты бір ғана спорт түрі болуы керек, ол – аңшылық», - деді Абзал Манарбекұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама