×

Барлық өңірде 600 рейд өткен: «Қауіпсіз қоғам» акциясы 16 мыңдай адамды қамтыды

Акция аясында 2500-ге жуық нысан қамтылған

 Ербол Тұрымбет 29.12.2023 | 17:41
фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша Жергілікті полиция департаменттері мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізіп келеді. 2023 жылдың 20 қарашасында басталған шара барысында арнайы мобильді топ жасақталып, кешенді жұмыс жүрді.

«Қауіпсіз қоғам» акциясы барысында республика бойынша полиция департаменттерімен бірлескен 600-ге жуық рейд өтті. Рейд кезінде 3 республикалық маңызы бар қала мен 17 облыста 16 мың адам мен 2500-ге жуық нысан қамтылған.

Акция басталғаннан бері көшелерде және қоғамдық орындарда вандализм, мүліктің бүлінуі, қоғамдық орындардың ластануы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық, ұсақ бұзақылық, сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзу фактілері бойынша заңбұзушылықтар жойылды, – делінген ұйым хабарламасында.

Еріктілер қатысуымен жолдағы ашық қалған қақпақтар, электр қалқандары және ойын алаңдары тексеріліп отырады.

Сондай-ақ, акция аясында «Жастар рухы» белсенділері кешенді жұмыс жүргізіп, Абай, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық және буллинг тақырыбында әлеуметтік сауалнама өткізген. Оған 500-ден астам азамат қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ол үшін жазаны қатаңдату, қорқытудың алдын алу және алименттен жалтару туралы ойын ашық білдірген.

Ал Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Атырау және Өскемен қалаларында осындай тақырыпта әлеуметтік эксперимент өтті. Сауалнама барысында тұрғындардың алимент және оларға салынған айыппұлдар мен жазалардың мөлшері, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы пікірлері тыңдалған. Ал эксперимент барысында аталған мәселелермен қатар балалар арасында буллинг бойынша тұрғындардың реакциясы тексерілген.

Осылайша, жастар Мемлекет басшысының отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны күшейту жөніндегі бастамаларын белсенді қолдап келеді. Осы бағытта интернетте әртүрлі әлеуметтік эксперимент, сауалнама жүргізіп отырмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама