×

Жаңадан сайланған Сенат депутаты ант берді

Бибігүл Аққожина еңбек жолын психология оқытушысы ретінде бастаған

 Дәурен Ерболат 28.12.2023 | 10:20
Бибігүл Аққожина, фото: gov.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Бибігүл Аққожина депутат ретінде ант берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев депутаттың Қостанай облысынан сайланғанын атап өтті.

Биыл 20 желтоқсанда Қостанай облысында өткен сайлауда Сенат депутаты болып Аққожина Бибігүл Бүркітқызы сайланды. Депутаттық қызметіңізге толайым табыс тілейміз, - деді төраға.

Мәжіліс спикерінің таныстыруынан кейін Бибігүл Аққожина ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», - деді сенатор.

Сондай-ақ ол Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті құрамына сайланды.

Айта кетейік, биыл 26 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясының «Қостанай облысынан Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына 2023 жылғы 20 желтоқсанда сайланған депутатты тіркеу туралы» қаулысын қабылдау бойынша отырыс өтті. Нәтижесінде Бибігүл Аққожинаны Сенат депутаты ретінде тіркелді.

Бибігүл Аққожина 1971 жылғы 20 қаңтарда Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік университетінде психология оқытушысы ретінде бастаған.

2022 жылдың желтоқсанынан бастап бүгінге дейін AMANAT партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама