×

Маңғыстау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық 31 пайызға өскен

Өңірде 1 мың 351 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен

 Динара Амантай 27.12.2023 | 11:14
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық 31 пайызға өскен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, кеше ведомство басшылығының төрағалығымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткен. Отырысқа облыс әкімі, мәслихат төрағасы, үйлестіру кеңесінің мүшелері, бала және адам құқығы жөніндегі уәкілдердің өкілдері, сондай-ақ уәкілетті органдардың басшылары қатысты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың және жасөспірімдер қылмысының өсу факторлары талқыланды. Облыс аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі 11 айдың қорытындысы бойынша 31% болды.

Облыс прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, өңірде 1 мың 351 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, орташа есеппен полицияға жәбірленушілерден немесе куәгерлерден 300 өтініш түскен.

Бұған дейін мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жәбірленуші тараптың шағымынан кейін ғана іске асырылды. Енді заңнамалық өзгерістерден кейін тексеру куәгерлердің сигналдары бойынша да іске асырылуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы уақытында хабарласа, біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деді облыс прокуроры.

Облыс бойынша 2 мың отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылар есепте тұр. Полиция олармен әрдайым профилактикалық іс-шара өткізеді.

Өкінішке қарай, мұндай отбасыларда балалар да зардап шегеді, әкесінің үш баласын өлтіру фактісі жасырын емес. Бұрынғы жұбайына деген қызғанышы себеп болып, осылайша кек алуды шешті. 12 бала өз-өзіне қол жұмсады. Бұл мемлекеттік органдардың барлық жұмысын жоққа шығарады. Қазір прокуратура органдары білім беру мекемелеріне тұрақты түрде барып, балалармен әңгімелесу кезінде есірткінің, құқықбұзушылықтың зияндылығы, сондай-ақ өмір құндылықтары туралы әңгімелейді. Балалар тарапынан жағымсыз белгілер анықталған кезде моральдық-психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл жұмыс жалғасады. Біз қабылдаған шаралар азаматтарымыздың өмірін сақтап қалуға ықпал етеді деп үміттенеміз, – деп түйіндеді сөзін Руфат Құттықов.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қоғамда саналы және жауапты адамды қалыптастыру – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Басты мақсат – жаңа ұрпақты жаңа құндылықтар мен көзқарастармен тәрбиелеу.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Құқықтық сауаттылықты арттыру құқықтық тәрбиемен байланысты. Бұл міндет бүкіл педагогикалық қоғамдастыққа жүктелген. Біз денсаулық сақтау құрылымдарымен ынтымақтастықты жандандырып, суицидолог мамандар мен мамандандырылған психологтардың санын көбейтуіміз керек, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Үйлестіру кеңесінің нәтижелері бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар әзірленді және нақты тапсырмалар берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама