×

Бишімбаев ісі: тағы 12 сараптама тағайындалды

Оның қорытындысы 30 күннен кейін шығады

 Дәурен Ерболат 26.12.2023 | 11:45
photo © Болат Шайхинов

Әділет министрі Азамат Есқараев экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тағы 12 сараптама тағайындалғанын, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде 12 сараптама тағайындалды. Бізге Іскі істер министрлігінен тиісті тапсырма келіп түсті. Біз 11 сараптама қорытындысын құқық қорғау органдарына жібердік. Жақында тағы 12 сараптама түсті. Ол бойынша біз тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз.

Мен бірден айтайын, заңға сәйкес, сараптама 30 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Сараптаманы аяқтаған соң, қорытындысын, ІІМ-ге жібереміз, - деді Азамат Есқараев Үкіметтің баспасөз орталығында.

11 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2 айға қамалды. Қайғылы жағдай Астананың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде болған. Бұл жағдай қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Бишімбаевпен қатар қылмыс болған орталықтың директоры да екі айға қамалды. Ол «қылмысты жасыру» бабы бойынша күдікке ілінген.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа аса қатыгездікпен жасалған адам өлімі бойынша (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы) қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деп танылған адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама