×

Жыл сайын Астанада 33 мыңнан аса сәби дүниеге келеді

Көрсеткіш 35 мыңға жетуі мүмкін

 Дәурен Ерболат 22.12.2023 | 17:15
Фото: egemen.kz

Жыл сайын елордада 33 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол қалада бала туу көрсеткіші жоғары екенін атап өтті.

6-7 жыл бұрын елордада 25 мың сәби дүниеге келетін. Биыл 33 мыңнан аса сәби дүниеге келді. Біз көрсеткіш 35 мыңға жетеді деп болжап отырмыз. Бұл – табиғи өсім. Астана – еліміздегі жас қалалардың бірі. Мұнда тұрғынның орташа жасы – 30, - деді әкім ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты Жеңіс Қасымбек қалада 2 перинаталды орталық салынатынын жеткізді.

Біз 2 перинаталды орталықты салуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе президенттің қатысумен өткен Астана қаласын дамыту бойынша кеңесте екі рет көтерілді. Мемлекет басшысы бізге нақты тапсырма берді.

Бірінші перинаталды орталықты «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп саламыз. Жоба дайын. Онда 250 адамға арналған төсек-орын болады. Орталық Сарыарқа ауданының «Көктем-1» тұрғын алабында салынады.

Екінші периналды орталық бойынша жобалау жұмысын аяқтау керек. Онда да 250 төсек-орын болады. Келесі жылдың соңында орталықтың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл орталықты инвестормен бірге саламыз. Ол қалаға заманауи мединалық орталықты сыйға тартқысы келеді. Нысан еліміздегі ең мықты перинаталды орталықтың бірі болады деп ойлаймын. Осылайша, 2,5-3 жылдың ішінде осындай 2 нысан салынады», - деді ол.  

Бұған дейін елорда әкімі Астанада қазақ мектебіне баратын балалардың саны көбейіп жатқанын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама