×

Көшпенділер ойындарында туымызды желбіретуге дайынбыз – «Алтын тұғыр» жеңімпазы

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Ая Өміртай 22.12.2023 | 10:39
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Биыл он номинация бойынша 11 спортшы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері атанды. Сонымен қатар салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушылар да марапатталды.

«JORYQ» номинациясы бойынша Жетісу облысы командасы «Алтын тұғыр» жеңімпазы атанды. Бұл ретте Жетісу облысы Ұлттық ат спорты федерациясы басшысы Рүстем Досжанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыруға атсалысқан Ұлттық спорт қауымдастығының жұмысына ризашылығын білдірді. Жетісу облысы шабандоздары – 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің жеңімпазы.

«Жылдың үздігі атағын алып жатырмыз. Бұл – біздің шабандоздар үшін лайықты құрмет деп санаймын. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары ат спорты қарқынды дамып келе жатыр. «Ұлы дала жорығы» қазақтың қазанаттарының бағын ашқан үлкен жобаға айналды. Қазақ жылқыларын мініс пен соғымға ғана пайдаланбай, осындай додаға қосып жатырмыз. Мұнда 18 жастан асқан шабандоздар ғана өнер көрсетеді. Тақымы бәйгені аңсап қалған шабандоз жігіттер де осы жобада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Қазанататтарды дәріптеу мақсатында жетістікке айналған жобаның өміршең болуын тілеймін», - дейді Рүстем Досжанов.

Оның айтуынша, келесі жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осындай шаралардың арқасында елімізде ұлттық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді.

Ұлы дала жорығы» бір күндік бәйге емес, 14 күн бойы күніне 100 шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Ал Жетісу шабандоздарының жетістікке жетуінің сыры – жылқылардың мықтылығы мен жобаға тыңғылықты дайындығының арқасы. Сондай-ақ Жетісу жүйріктеріне жету оңай емес екенін дәлелдеген жоба болды. Келесі жылы өтетін Көшпенділер ойынында 100-ден аса мемлекет арасында қазақтың туын көтереміз деген ойдамыз, - деп атап өтті федерация басшысы.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

«Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы «Amanat» партиясы, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама