×

Астана маңындағы ауыл тұрғындары суды қаладан тасып ішіп отыр – депутат

Елорда іргесіндегі ауылдарда сумен жабдықтау желілері 15-40 пайызға дейін тозған

 Дәурен Ерболат 20.12.2023 | 12:20
фото: facebook.com/groups/astanacompandcomp/

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ елорда маңындағы ауылдар ауыз суға зәру екенін, ондағы тұрғындар таза суды қаладан тасып ішіп отырғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, СҚО, БҚО және Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу облыстарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші орташа деңгейден төмен. Бірақ бұл мәселе Астана маңында да өзекті.

«Бүкіл елді айтпай-ақ қояйын. Тіпті, Астана маңындағы ауыл тұрғындары сапалы ауыз су тапшылығын көріп отыр. Мәселен, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының ауыз сумен қамтылуы – тек 40 пайыз. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қмтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі, сумен жабдықтау желілері 15-40 пайызға дейін тозған. Аталған ауылдар ауыз суды елордадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігі бөшкеге толған. Осыған байланысты мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұрағым бар. Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды? Мұнда ауыз су мәселесі қашан шешіледі?», - деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың сауалына Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин жауап берді.

Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы желілер бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бірақ судың жеткіліксіздігіне байланысты Целиноград, Қараөткел ауылы 40 пайызға қамтамасыз етілді. Қазір бұл ауылдар бойынша бюджеттен ақша бөлінді. 2024 жылы оларды ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Талапкер ауылы бойынша желілер қамтамасыз етілді. Су ресурстары министрлігі топтық су құбырын қолданады. Егіндікөлге су тарту бойынша 4 жоба іске асырылуда, - деді министрдің орынбасары.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл Қажымұқан мен Талапкер ауылдарына су тарту бойынша жұмыс басталғанын атап өтті.

«Су құбырларын жөндеу үшін 500 млн теңге бөлінді. Мердігер анықталды. 2024 жылы қосымша 4 млрд теңге бөлінеді. Жобаны аяқтау үшін тағы 5 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады. Егіндікөл бойынша жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. Оған 9 млрд 700 млн теңге бөлінді.

Биыл төтенше жағдай қорынан 3 млрд теңге бөлінді. Ол қаражатқа екінші кезең жұмыстары атқарылады. 70 шақырым авариялық желілерді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік, 47 шақырым желі ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама