×

Арбаға таңылған Арнұр Ысқақ өзі жайлы көркем фильм түсірді

Арнұр Ысқақ осыдан 13 жыл бұрын мүгедек болып қалған

 Халық үні 19.12.2023 | 16:20

2024 жылдың қаңтарында Қазақстанда жаңа фильм көрерменге жол тартады. Оның түсірілуіне мұрындық болған – «Қанаттылар» инклюзивті театрының директоры Арнұр Ысқақ. Ол кинодан түскен қаражатқа тағы да туынды түсіруге мүдделі. Бұл туралы ол «Сұрауы бар» ютуб-арнасына берген ашық сұхбатында мәлімдеді.

Арнұр Ысқақ осыдан 13 жыл бұрын суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп, мойын омыртқасын зақымдап алған. Сол сәттен бастап арбаға таңылған. Алғашқы жылдары ауыр болғанымен, кейіннен ол өзін ғана жігерлерлендіріп қоймай, өзге де ерекше жандарға қол ұшын беріп жүр. 2017 жылы ол кино түсіріп, ол 2020 жылы жарыққа шығуы керек еді. Дегенмен, оның реті келмей, кей эпизодтар фильмнен алынып тасталған. Көптен күткен мақсаты енді орындалып, фильм қаңтар айында көрерменге жол тартады.

«Сценарийде жазылған нәрсенің барлығы менің өмірімде болып жатыр. Фильм түсіруге қалай келдім десем, тойда Қанат Үмбетов пен Әлия әпкеміздің «Махаббат жыры» деген әнін айттық. Сол кезде Қажет Смағұл деген актер ағамыз клип түсіру туралы идея тастады. Сол кезде «1+1» фильмі шықты. Солай алғашында деректі фильм болады делінді, кейін толыққанда фильм түсірілді. Кезінде министр болған Арыстанбек Мұхамедиұлына ұсындым. Басында қолдады, бірақ қаржылай тұрғыда өтпеді. Одан кейін «Қазақфильм» қызметкерлері сметасын әзірлеуге көмектесіп, екінші рет жібергенде өтті», - дейді кино авторы.

Айтуынша Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қаржы берілген. Оны Арнұр өзі басшылық ететін қоғамдық қор арқылы жүзеге асырған. Фильмде өзі сияқты жандар туралы мәселе көтеріледі. Дегенмен фильм комедия жанрында болады. Прокаттан түскен қаражат тағы фильм түсіруге жұмсалмақ.

Түскен қаражатты киноиндустрияға бағыттаймын деген ниетім бар. Бұл кино тек комедия емес, комедия элементтері бар мелодрама. Енді табыс түсіп жатса, басқа да азаматтардың өмірін, қызықты оқиғасын жеткізуге болатынын қоғамға көрсету. Халық қолдап жатса осы бағытта жұмыс істесем деймін, - деді Арнұр Ысқақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама