×

Елімізде маймыл шешегі ауруы тіркелді ме – ДСМ жауабы

Әлемде тағы бір қауіпті індет тарап жатыр

 Айнұр Шошаева 23.05.2022 | 18:10
фото: ашық дереккөзден

Қазақстаннның денсаулық сақтау министрлігі елімізде маймылдардың шешек ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Шекарада аса қауіпті індеттерге күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау (алдын алу) бойынша іс-шаралар жүріп жатыр», – деді бас санитар дәрігер – денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Министрлік маймыл шешегі (monkeypoxes – MPXV) – сирек кездесетін жұқпалы ауру екенін атап өтті. Ол қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың (қызару) пайда болуымен сипатталады. Індеттің инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін созылады. Адамдарда клиника жоғары қызба, дене сырқаттануы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуымен сипатталады. Ауру ұзақтығы –  2-3 апта. Өздігінен емделуге бейім.

Сондай-ақ індеттің негізгі көзі жабайы жануарлар: приматтар мен кеміргіштер (тиіндер). 

«Инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін», – дейді ведомство.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама