×

7 тарихи кезең және 32 шапан: Астанада «Ел-Ана» көрмесі ашылды

ÓzgeEpic креатив хабындағы көрмені 28 желтоқсанға дейін тамашалауға болады

 Айгерім Таубай 09.12.2023 | 19:02
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабында Суретшілер одағының мүшесі Гүлмарал Тәтібаеваның «Ел-Ана» жеке көрмесі ашылды. Көрменің басты тақырыбы – Ана. Мұнда түрлі тарихи оқиғаның куәгері болған 32 шапан қойылған. Кейбірі 1940 жылы тігілген. Halyq Uni тілшісі көрменің ашылуында болып, авторлардың ойын білді.

Қазақ әйелінің образына келсек, ол ең алдымен сабырлы. Өйткені ол басынан қаншама қиындықты өткерген. Бұл тұста оның құрбан екенін емес, батылдығын көрсеткім келді. Қан арқылы сол батылдық бізге жетті. Әйелдер Кеңес үкіметінің орнауын, аштық, соғысты, тың игеру, жылымық, Желтоқсан оқиғасын, Тәуелсіздікті басынан өткерді. Көрмеге «Ел – Ана» инсталляциясы, бірнеше суретім қойылды. Мұрағаттан жиналған қазақ шапандарының фотолары да бар, - деді Гүлмарал Тәтібаева.

Қойылған шапандардың басым бөлігі Ақмола облысындағы Мәдениет ауылының тұрғындарынан жиналған.

«Ішінде бірнеше шапан Бурабай ауданы Зеленобор ауылдық округі Мәдениет ауылында 1918 жылы сол жерде туып өскен апаға тиесілі болған. 9 құрсақ көтерген ана колхоз кезінде егін шаруашылығымен айналысқан. Соғыс кезінде жұмыс істеген әйелдердің балаларын бағып, үлкен көмек көрсеткен. Қартайғанында да дәл солай қолөнермен айналысқан. Шапан 1985 жылдары тігілген, оны өмірінің соңына дейін киген. Шапандар өзгеріске түспей, қаз-қалпында қойылды», - дейді Гүлмарал Тәтібаева.

Көрменің ашылуында «Ел – Ана» инсталляциясына арнайы қойылым көрсетіледі. Қойылымның режиссері әрі хореографы – Шырын Мұстафина.

Менің жұмысым – суретші Гүлмарал Тәтібаеваның жинаған костюмдеріне мағыналы перфоманс қою. Мұнда 7 тарихи тақырып бар. Көрме 28 желтоқсанға дейін жалғасады, алайда қойылым тек бүгін көрсетіледі, - деді Мұстафина.

«Ел-Ана» көрмесі 9 желтоқсанда ашылды және 28 желтоқсанға дейін жалғасады. Астаналықтар көрмені ÓzgeEpic креатив хабына келіп тамашалай алады.

ÓzgeEpic креатив хабы 2019 жылы Алматыда, 2021 жылы Түркістанда, жақында Астанада ашылды. Әрбір қаланың мәдени-рухани даму кезеңі болады. Дәл қазір Астана өнер адамдарымен бірге қоғамды зерттеуге, өзін зерттеуге, жанын зерттеуге дайын. Елордамыздың мәдени, рухани, әлеуметтік деңгейі жыл өткен сайын артып келе жатқанын мәдениет сарапшысы ретінде анық көріп отырмыз. Мәдени орындар көп, бірақ көпшілігінің тақырыбы – тарих, жүріп өткен жолымыз. Ал біз жүріп өткен жолымызды тани отырып, бүгін және ертең туралы айтуға тырысамыз. Қайда бара жатырмыз? Қандай адам боламыз? Біздің жұмысымыз қарапайым адамгершілік қағидаларды насихаттауға құрылған, - дейді ÓzgeEpic кеңістігі жетекшілерінің бірі Мақпал Жұмабай.

Айтуынша, ÓzgeEpic креатив хабы өнердің он шақты жанры бойынша жұмыс істейді. Театр, музыка, медиа, анимация, жасанды интеллектке қатысты жобалар бар.

Гүлмарал Тәтібаева – қазақ өнерін халықаралық деңгейде ұсынып жүрген маман. Ол кісінің өнерін бақылап келдік. Өнерін бізбен қалай үйлестіруге болады, жасап отырған шығармасын жеткізу барысында қандай ұтымды шешімдер ұсына аламыз деп ойландық. Көз алдыма бірден көне шапандар көрмесі келді. Әрбір шапан арқылы тарихи оқиғаны жеткізу – біздің кеңістіктің ойы, - деді Мақпал Жұмабай.

Кеңістік қазір ана, қыздар тақырыбын зерттеуге ден қойған. Кеңістік жұмысының бір бағыты – қыздар мен аналар мәселесін зерттеу, дейді Мақпал Жұмабай.

Көрменің ашылуына келген қонақтар арасында «Отандастар» қоры президенті Абзал Сапарбекұлы да бар.

«Қойылымда XX ғасырда қазақтың басынан өткен трагедия көрсетілді. Бұған кімді кінәласақ та, кінә тағуға болатыны анық. Бірақ кінәні өзімізден іздеуіміз керек. Кезінде ұлт-азаттық соғыста қазақ ыдырап, бір-біріне жала жапты. Одан кейін Алаш қозғалысы кезінде де үлкен қателік жіберілді. Кейінгі кезеңде де сол қателік қайталанды. Қойылым сол қателікті қайталамас үшін ең алдымен ұлт ретінде, адам ретінде бәрін өзімізден бастауымыз керек дегенді көрсетті. Бәрін өзімізден бастап, өзімізден сұрауымыз керек. Материалдық байлықтан бұрын, әрбір адам рухани жағынан өзі және жанұясы, ұлт үшін не істегенін сұрауы қажет», - деді Абзал Сапарбекұлы.

Айта кетейік, Гүлмарал Тәтібаеваның шапандар топтамасы бұған дейін Германия, Қытай және Түркия жұртшылығына ұсынылған. Бұдан бөлек, суретшінің таңдаулы қылқалам туындылары Венгрия, Түркия, Оңтүстік Корея, Латвия, Голландия, Ресей, Йордания, Ұлыбритания және Қытайдың музей қорларында тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама