×

Аялдама мен үйдің қаптамасын бұзды: елордада кезекті бұзақылар қолға түсті

Жыл басынан бері вандализмнің 100-ден астам фактісі анықталды

 Динара Амантай 07.12.2023 | 16:29
Фото: Halyq Uni

Астанада полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тлшісі.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, қалада вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жүріп жатыр.

Мәселен, 5 желтоқсанда Алматы ауданының полициясына Нәжімеденов көшесі, 52 мекенжайында жұмысшы үйдің қаптамасын сындырып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнында факт расталды. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») әкімшілік іс қозғалды. Ол көп ұзамай ұсталды. Болған оқиға бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа берілді.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған құқық бұзушыны анықтады. Ол Кемеңгерұлы, 13 мекенжайында жылы аялдаманың ішкі қаптамасына зақым келтірді. Полиция істі қарап жатыр.

Жыл басынан бері елорда полициясының қызметкерлері вандализмнің 100-ден астам фактісін анықтады. Қала бойынша күнделікті екі мыңнан астам полиция қызметкері патрульдейді.

Айта кетсек, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы іске асып жатыр.

Акция аясында қала бойынша күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі. Халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама