×

Түркістан облысында деструктивті діни ағым жақтаушысынан 5 келіге жуық марихуана тәркіленді

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 07.12.2023 | 12:40
Фото: polisia.kz

Түркістан облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтады деген күдікпен егде жастағы тұрғынды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Кентау қаласы көшелерінің бірінен бұрын сотталған жергілікті тұрғын – деструктивті діни ағым ұстанушысын ұстады.

Жедел уәкілдер тексеру кезінде күдікті ер адамнан полиэтилен пакетке салынған марихуана есірткі затына ұқсас, ерекше иісі бар 10 ораманы, күдіктінің пәтерін тінту барысында 17 қағаз және полиэтилен пакет орамасын, 41 сіріңке қорабы мен шыны ыдысқа салынған есірткіге ұқсас заттарды тәркіледі. Сондай-ақ тәртіп сақшылары 6 банка мен 1 пакетке салынған есірткі тұқымына ұқсас зат, 9 түп есірткісі бар өсімдік және 1 патрон тапты.

Бұл фактіні полицейлер Кентау қалалық ПБ-ға ҚР ҚК-нің 296-бабы («Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен, психотропты заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу») мен ҚР ҚК-нің 297-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша тіркеді, – делінген хабарламада.

Белгіленген сараптамаға сәйкес, алынған заттар жалпы салмағы шамамен 5 келі болатын марихуана есірткісі болып шықты. Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама