×

«Ақтөбеде 200-ге жуық мектеп есепшісі қысқарады»: білім бөлімі мән-жайын түсіндірді

Жүздеген маманның жағдайының не болары белгісіз

 Еркеғали Болатұлы 06.12.2023 | 11:55
фото: Halyq Uni

Ақтөбеде 200-ге жуық мектеп есепшісі қысқаруға ұшырауы мүмкін. Қалада қазір бірыңғай есеп бөлімін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Мұндай ноу-хауды бұған дейін де енгізу жоспарланған еді. Алайда кейін ол тиімсіз деп танылып, бас тартылған болатын. Әзірге неліктен қалада есеп жұмысын қайтадан цифрландыру туралы шешім қабылданғаны әрі жүздеген маманның жағдайының не болары белгісіз.

Мысалы, орташа кәсіптік білімі бар бухгалтер айына 86 мың теңгені қолма-қол алады. Бір жарым мөлшерлемеге көбірек алса, бәлкім 120 мыңға жетер. Егер олар орталықтандырылса, бұл жалақы мөлшері төмендейді. Не істеген жөн деп ойлайсыз? Ол жерге 200-ден астам адамды орналастыру мүмкін емес, – дейді есепші Әйгерім Ділжанова.

Жалпы, мұндай бағдарламаны енгізу 12 жыл бұрын жоспарланған көрінеді.

Бұл тәжірибе 2011 жылы да болған. Дәлірек айтсақ, бұл бағдарлама шамамен 4-5 ай жұмыс істеген, бірақ ол тиімсіз болғандықтан жабылып қалған. Сол орталықтандыруға байланысты ұйым қызметкерлеріне тиянақты бақылау жүргізілмейді, – деді заңгер Динара Молдағалиева.

Қалалық білім бөлімі есепшілердің қызметінен ешкімнің бас тартып жатпағанын түсіндірді. Мамандарға қатысты тек жұмыс жағдайы өзгереді. Бұл ретте мектептердегі қаржылық заң бұзушылықтармен күресу мақсатында облыста бухгалтерлік есепті орталықтандыру бағдарламасын енгізу көзделген.

«Ешбір бухгалтер жұмыссыз қалмайды. Олар бұрынғыша штатта жұмыс істейді. Жалақы мөлшерлемесі өзгеріссіз қалып, тек жұмыс талаптары өзгереді», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама