×

Қажылыққа тіркелуге 15 күн қалды (ВИДЕО)

Бес парыздың бірін орындауға 17 турфирма ғана қызмет көрсетеді

 Дастан Жұмабекұлы 06.12.2023 | 11:32
Фото: muslim.kz

Биыл қажылық талаптарына өзгерістер енді. Енді келесі жылы Ислам дініндегі бес парыздың бірін орындауға желтоқсан айының соңына дейін тіркеліп үлгергендер ғана бара алады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Оңғар айтты, деп хабарлады otyrar.kz.

Оның айтуынша, қажылыққа ниет еткен жамағатқа енді іріктелген 17 турфирма ғана қызмет көрсетеді. 

2024 жылғы қажылық маусымы өзгеше болады. Яғни, қасиетті парызын өтеудің ережесіне өзгеріс енді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі алдағы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың орын ұсынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олардың талабы бойынша биыл қажылыққа орын желтоқсан айының соңына дейін толық тіркелген елдерге ғана беріледі. Яғни, жыл соңына дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне, қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтеріне қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны анықталады. Қажылық және ұмра министрлігі дедлайндар қойып отыр. Әр іс кезең-кезеңімен іске асады. Биыл қажылар желтоқсан айының 20-сына дейін аталған 17 турфирмаға тіркелуі қажет. Ең басты өзгешелік – осы. Сондықтан кеш қалмаңыздар! Өйткені одан кейін тіркелу мұрсаты болмай қалады, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары.

Оның пікірінше, 2024 жылы 17 туроператор қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қызмет көрсету құқығына ие болып отыр. Осы турфирмалар қажылардың қауіпсіздігіне, қонақ үй және транспорт сынды қажеттіліктер мен құжаттарды рәсімдеуге міндеттеледі. Алдын ала тіркелген азаматтар қандай да бір жағдаймен қажылыққа бара алмайтын болса, келісімшарт бойынша орнына басқаны жіберуге немесе қаржыны қайтарып алуға құқылы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерінен белгілі болғандай, келісімшарт жасалғанда оның шарттары көрсетіледі. 15 күн қалған кезде қаражаттың белгілі бір пайызы қайтарылады. 10 күн қалған кезде тіпті қайтарылмайды дегендей көрсетіледі. Өйткені 10 күн қалған кезде виза беретін порталдар жабылып қалады. Адамға өз орнына басқа адамды жіберу мүмкіндігі болмайды. Сол кезде ғана қаражат қайтарылмайды. Ал оған дейін орынға басқа адамды жіберу мүмкіндігі болып тұрған кезде қаражат толық кайтарылады. Бұл шешім компанияның алаяқтықпен айналысып, азаматтардың құқығын таптамауына кепіл болады.

Қажылыққа ниеттенген адам 17 турфирманың біріне ертерек жазылып қоюға тиіс. Олар: «Хикмет Тревел» ЖШС, «Атлас Туризм» ЖШС, «Қызмет Саяхат» ЖШС, «Tawaf Travel» ЖШС, «Хидаят-Нур» ЖШС, «Нұр-Қазақстан» ЖШС, «Nurkhan travel» ЖШС, «Сембекова и К» ТС, «Sanabl kz» ЖШС, «Mina travel» ЖШС, «Ал-Маруа» ЖШС, «Ордабасы – НЖ» ЖШС, «Robinzon kz» ЖШС, «Delta Tour» ЖШС, «Иман Travel Тур» ЖШС, «Dostik travel» ЖШС, «Qazaq Sapar» ЖШС. 

Осы туроператорларға 20 желтоқсанға дейін азаматтардың қажылық орындарын брондап және осы туроператордың біріне тіркелуін жан-жақты насихаттау қажеттігі тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама