×

Павлодар облысында аяғы ауыр оқушы үшін сөгіс алған мұғалімдер жазадан құтылды

Кәмелетке толмаған баланың өгей әкесі қамалды

 Дастан Жұмабекұлы 05.12.2023 | 17:43
Фото: bilim-all.kz

Оқу-ағарту министрлігі Павлодар облысында өгей әкесінен бала көтерген оқушы үшін сөгіс алған мұғалімдердің жазасы алынғанын хабарлады.

Білім беру ұйымының қызметкерлеріне заңсыз қолданылған тәртіптік жазалар алынып тасталды. Комитет осы мәселені бақылауда ұстап отыр, – делінген министрліктің хабарламасында.

Еске сала кетсек, 21 қарашада Павлодар облысында 8-сынып оқушысының өгей әкесінен аяғы ауыр болып қалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оның дене бітімі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді бірінші болып сынып жетекшісі байқаған.

Оқушымыз қыркүйекте мектепке келді. Одан кейін мүлде көрінбей кетті. Анасының айтуынша, ол бір ай бойы ауырыпты. Ал қарашада оқушы мектепке келгенде сынып жетекшісі оның аяғы ауыр екенін байқап қалған. Сол кезде оқушының анасы мектепке шақырылды. Екеуі дереу ауруханаға барып, тексерілді. Ауруханада оқушының аяғы ауыр екені анықталды. Сәбиге 25 апта болыпты, – деп хабарлады облыстық білім басқармасы.

Осыдан кейін оқушының жүріс-тұрысына бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен сынып жетекшісіне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылған болатын. Енді министрліктің шешімімен ол жазаның күші жойылды. 

Оқушы үйде қашықтан оқып жатыр. Оған педагог-психолог пен мектеп тарапынан көмек көрсетіледі. 

Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқушының өгей әкесі ұсталып, қамауға алынды. Қазір Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі («Зорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті тергеушінің сұрақтарына жауап беріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама