×

«Ұстаздардан шағым көп»: министр сабақ үстінде смартфонға тыйым салу шарасын түсіндірді

Мәжіліс заңды бірінші оқылымда мақұлдады

 Дәурен Ерболат 05.12.2023 | 13:16
көрнекі фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың сабақ үстінде телефон ұстауына шектеу қою туралы шешім қабылдауға не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің пікірінше, мектеп ең алдымен сапалы білім мен саналы тәрбие беретін орта болуға тиіс.

«Сондықтан оқушылар сабақ барысында мұғалім берген материалды толық меңгеріп, білімін шыңдауы керек. Әрине, бүгінде балаларымызды смартфон алаңдататыны белгілі. Бұл ата-аналар мен педагогтерден келіп түскен өтініштер мен шағымдардың нәтижесінде қабылданған шешім. Тағы қайталап айтамын, бұл – сабақ барысында мұғалімдердің рұқсатынсыз оқушылардың смартфонды пайдаланбауына қатысты заң.

Бірақ сабақ біткеннен кейін және сабақтан тыс уақытта оқушы өзінің ұялы телефонымен ата-анасына хабарласып, жағдайын айтуға құқығы шектелген жоқ. Бұл – тек сабақ барысындағы шектеу», - деді Ғани Бейсембаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Журналистердің бірі «Егер заң күшіне енсе, балалар ұялы телефонын қайда қояды?» деп сұрақты нақтылады.

Қазір Мәжіліс заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң толық қабылданғанша, ұйымдастыру мәселесі қолға алынады. Негізінен бұл жерде әртүрлі әдіс-тәсіл бар. Ең бастысы, оқушының сабақ үстінде басқа нәрсеге алаңдауына жол бермеу үшін осындай шешім қабылданып отыр, - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама