×

Қарағанды облысында медбике еккен дәріден полиция офицері қайтыс болды

Марқұмның артында әйелі мен 3 баласы қалды

 Еркеғали Болатұлы 04.12.2023 | 13:00
фото: дереккөз

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында пациент «Цеф-3» препаратына аллергия бар екенін айтса да медицина қызметкерлері ол дәріні еккен. Ер адам анафилаксиялық шоктан қайтыс болды, деп хабарлады «Патриот» Telegram-арнасы.

Марқұмның інісі Арман Мақашевтің айтуынша, 40 жастағы ағасы онда портал арқылы ота жасатуға барған.

Ол бірден «Цеф-3» пен новокаинге аллергия бар екенін ескерткен. Дәрігерлер білегіне көк түсті білезік тағып берді. Ондай білезік сол дәрілерге аллергия бар екенін білдіреді. Бірақ палатаға кірген медбике «Цеф-3» препаратын еге салған. Төрежан қызарып, тынысы тарыла бастаған. Содан көп ұзамай, қайтыс болды. Отаны бастаған да жоқ, - дейді інісі.

Төрежан Мақашев қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жұмыс істеген. Марқұмның артында әйелі мен 3 баласы қалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізді. Тексеру кезінде дәрігерлердің жұмысынан кемшіліктер анықталды. Соның салдарынан пациент анафилаксиялық шоктан қайтыс болған.

Ал полицейлер қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары басталып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама