×

Жұмысқа ұлттық киіммен бару: Ұлттық спорт қауымдастығы флешмобты қолдады

«Ұлттық сезім» флешмобы бұқаралық сипат алып, Қазақстанның әрбір ұжымында жалғасуы мүмкін

 Гүлбаршын Нұрхан 01.12.2023 | 17:18
фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап «Ұлттық сезім» флешмобы басталды. Бұл бастаманы Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, AQ Group компаниялар тобы, Ұлттық спорт қауымдастығы мен оған мүше федерациялар сияқты еліміздегі беделді ұжым қызметкерлері қолдап, жұмысқа ұлттық киіммен келді.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қауымдастықтың құрамына кіретін тоғыз федерациядағы әріптестері ұлттық спортпен қатар ұлттық киім үлгілерін, салт-дәстүрімізді насихаттауға үлес қосып жүргенін айтты. Сондай-ақ барша кәсіпкерлерді, үкімет мүшелерін, Қазақстан азаматтарын бастаманы қолдауға шақырды.

«Жақында «Бәйге» федерациясының президенті, сонымен қатар YPO Kazakhstan төрағасы, белгілі кәсіпкер Қанат Көпбаев «Ұлттық сезім» деген жаһандық әрі қызықты жобаның аясында Ұлттық киім күнінің бастамашысы болғанын қуана хабарлаймын. Ұлттық спорт қауымдастығы ұжымы болып ұлт мүддесін көздейтін бұл идеяны зор серпінмен қабылдадық. Осы орайда, барша кәсіпкерлерді, үкімет мүшелерін, Қазақстан азаматтарын ұлттық бірлік пен бірегейлікті нығайтуға септесетін бастаманың кеңінен жүзеге асуына тамшыдай болса да үлес қосуға шақырамыз.

Ұлттық бірегейлік – тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді тоғыстыратын, жүздеген жылдардан тамыр тартқан өткеннің шежіресі. Оның негізінде туған жерге деген мақтаныш, ата-баба мұрасына деген құрмет пен сүйіспеншілік жатыр. Біздің тарихымыз өзгеге деген бауырмалдықтың, татулықтың, ауызбіршіліктің айнасы іспетті», - деді Исламбек Салжанов.

Қауымдастық басшысы «Ұлттық сезім» сияқты жобалар біздің бірегейлігімізді айшықтап қана қоймай, қазақ ұлтын, Қазақстан халқын ортақ құндылықтар мен дәстүрлер біріктіретінін атап өтті.

Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев та ел азаматтарын «Ұлттық сезім» флешмобын қолдауға шақырды.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ата-бабаларымыздан қалған алтын мұрамызды, қазынамызды әрі қарай сақтау, кейінгі жастарға үйрету, жалғастыру мақсатында бүгін «Ұлттық сезім» флешмобын бастады. Ұлттық киім, ұлттық спорт арқылы ұлттық сезімді әрі қарай дамыта біліуіміз керек. Сол үшін бүгінгі өткізіп жатқан бастама «Ұлттық сезім деп аталады. Сондықтан баршаңызды осы шараны қолдауға шақырамын, - деді Тастанбек Есентаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама