×

Қысқы дөңгелек ауыстырмағандарға айыппұл, қызылшаға қарсы вакцина: желтоқсанда Қазақстанда не өзгереді?

Қысқы дөңгелексіз жүрген автокөлік иелеріне 17 250 теңге айыппұл салынады

 Айнұр Шошаева 01.12.2023 | 11:27
көрнекі фото: Halyq Uni

Бүгіннен бастап елімізде бірқатар заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Halyq Uni тілшісі қазақстандықтарды нендей өзгерістер күтіп тұрғанын шолып шықты.

Бүгіннен бастап қыс мезгіліне дейін көліктің дөңгелегін ауыстырмайтын автокөлік иелеріне айыппұл салына бастайды. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі автокөлік жүргізушілеріне көлікті 1 желтоқсанға дейін қысқы маусымға дайындау қажеттігі туралы ескерткен болатын. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан 2024 жылдың 1 наурызына дейін автокөлікте қысқы резеңке болмаған жағдайда полицейлер айыппұл сала алады.

Мұндай бұзушылықтар анықталған жағдайда полиция қызметкерлері көлік құралын тоқтатуға және бұзушылықтар жойылғанға дейін мемлекеттік нөмірді алып қоюға құқылы, - деді ІІМ.

Қысқы дөңгелексіз жүргені үшін ең төменгі айыппұл 17 250 теңгені (5 АЕК) құрайды. Егер жүргізуші бұл талапты бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл сомасы екі есеге артып, 34 500 теңге (10 АЕК) болады.

5 желтоқсаннан бастап елде балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау науқаны басталады. Науқан кезінде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларls қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіледі. Тиісті қаулығы мемлекеттің бас санитары қол қойды.

Соңғы күндері елімізде балалар арасында қызылша ауруына шалдыққандар көбейгені туралы айтылды. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі балаға вакцинаны уақытында алудың қаншалықты маңызды екенін еске салды. Ведомствоның хабарлауынша, вакцинадан бас тарту аурудың жаппай көбеюі мен таралуына әкелді. Бұған қоса, вирустың ауа арқылы таралатынын айтып, қызылша жұқтырған науқасқа жақындамай-ақ ауырып қалуға болатынын ескертті.

Сондай-ақ желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтары үшін Байқоңырға бару тәртібі жеңілдейді. Айта кетейік, Байқоңыр ұзақ мерзімге Ресейге жалға берілген болатын. Енді бұл қалада тұрмайтын қазақстандықтар емін-еркін бара алады. Себебі бұған дейін қалаға кіру үшін жоспарланған сапардан 10 күн бұрын қалалық әкімшіліктің қауіпсіздік және режим басқармасына рұқсат алуға өтініш беру қажет болды. Әкімшілігі елді мекеннің аумағында орналасқандықтан, бұл айтарлықтай қиындықтар туғызды. Сол себепті сол қалада тұратын таныстарына немесе жергілікті қызмет көрсету орталығына жүгініп, «кіруге және уақытша тұруға рұқсат алу» ақылы қызметін рәсімдеу қажет болды. Өтінімдер онлайн қабылданды.

Жаңа ережеге сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап пилоттық режимде қазақстандықтарға қалаға кірген кезде тікелей бақылау-өткізу пунктінде рұқсат беру туралы шешім қабылданатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама