×

Астанада «Таптым-ау сені» фильмінің тұсаукесері өтеді

Фильмнің қоюшы режиссері – Анвар Матжанов

 Халық үні 29.11.2023 | 17:43
Фото: Unsplash.com

Астана қаласында 30 қарашада актриса Дариға Бадықованың алғашқы толықметражды фильмінің тұсаукесері өтеді. Басты рөлдерде: Дариға Бадықова, Олжас Абай. Қоюшы режиссері – Анвар Матжанов.

«Таптым-ау сені» кинотуындысының желісі бойынша, Сəуле мен Жексен (Джексон) – бір ауылда тұратын достар. Екеуі бала кезде бокс секциясында танысқан. Қымызды қалаға апарып сатумен айналысады. Сəуле люлькасы бар мотоцикл айдайды. Жексеннің əжесі үйленбей жүрген немересіне қыз тауып бер деп Сəулеге бұйымтайын айтады. Сəуле көмектесуге келіседі. Сөйтіп екі дос әртүрлі қызыққа тап болады.

«Таптым-ау сені» фильмі – актриса, продюсер Дариға Бадықованың продюсерлік еткен алғашқы туындысы. Түсірілім тобында 50-ге жуық кино маманы қызмет етті. Оның ішінде NOMAD STUNTS халықаралық кәсіби каскадерлер тобының мүшелері де бар. Сондай-ақ бұл кинода Нұргүл Даубаева, Салтанат Құдайберген, Әлихан Ыдырышева, Жазира Еркін, Әсел Асқар, Гүлмира Жакилина, Асхат Үрпеков сынды актерлер өнер көрсетті. 

Түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген, Түрген, Қаракемер ауылдарында өтті. Түсірілім жұмыстары 22 күнге созылған. Оған қоса бір ай дайындық кезеңі мен постпродакшн уақыты бес айға созылды.

Сондай-ақ «Таптым-ау сені» киносының саундтрегі арнайы жазылды. Ақберен Елгезектің сөзіне, композитор Талғат Лестің әніне жазылған орындаушы Ғазизхан Шекербековтың «Сезім үшін» әнін Дариға Бадықова мен Олжас Абай жаңаша орындап шықты. Бұл ән әлеуметтік желіде кең таралып, YouTube-та 10 000 000 қаралым жинады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама