×

Ешкім мұндай проблема барын айтпады – облыс әкімі Павлодардағы 7 жасар қыздың өлімі туралы

Баланы өлтірді деген күдікке анасы ілінген еді

 Дәурен Ерболат 27.11.2023 | 13:34
фото: t.me/KZgovernment

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде көз жұмған 7 жасар Милана Давыдованың өліміне түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өте қайғылы жағдай. Өкінішке қарай, мұнда бәрінің кінәсі бар. Яғни учаскелік полицей, ауыл әкімі мен әлеуметтік қорғау қызметі, көршілер де мұны байқамаған. Мұндай проблема барын ешкім айтпады. Шынымды айтсам, мен осы ауылдан 30 шақырым жерде дүниеге келдім. Жалпы ауылда қандай да заңсыз бір әрекеттер болса, ол тез тарайды. Бірақ бұл туралы ешкім хабарламады. Қазір полиция істі тергеп жатыр. Менің ойымша, бұл жағдай бәрімізге сабақ болды... Осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз, - деді Асайын Байханов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі жағдайды өз бақылауына алғанын атап өтті.

«Жоғалған баланы 400-ге жуық адам іздеді. Біз 7 жасар қызды іздеуге тікұшақ пен квадрокоптерлер жұмылдырдық. Алайда қатты желден оны іздеу қиынға соқты... Мұндай жағдайдың болу себебі – жергілікті әкімдіктің ананың әдепсіз әрекетіне мән бермей, бұл деректі кеш хабарлауында. Бұл ауыл Екібастұздан 65 шақырым жерде орналасқан. Онда 7 үй ғана бар. Бұл оқиға маған да қатты ауыр тиді. Дегенмен біз тиісті қорытынды шығардық. Екібастұзда жиын өткізіп, тиісті шешім қабылдадық», - деді өңір басшысы.

Сөз соңында Асайын Байханов өңірде берекесіз 300-ден аса, ал Екібастұзда 78 отбасы бар екенін атап өтті. Олар полиция тіркеуінде тұр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар облысында 7 жасар қыздың жоғалып кеткені хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама