×

Талдықорған әкімі мейрамхананың ашылуына неге барды - облыс әкімінің жауабы

Бейбіт Исабаев қала әкімімен сөйлесіп, кеңесін берген

 Дәурен Ерболат 24.11.2023 | 15:26
фото: Instagram/taldyqorgan_akimdigi

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің мейрамхананың ашылу салтанатына қатысқанына байланысты пікірін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі облыс әкіміне «Талдықорған қаласының әкімі мейрамхананың ашылуына барыпты. Неге сіздің қызметкеріңіз ондай әрекетке барды? Егер сізде таңдау болса, мейрамхана ашар ма едіңіз, әлде зауыт па?» деп сұрақ қойды.

Бейбіт Исабаев мүмкіндік болса, өңірде зауыт ашылғанына қарсы емес екенін жеткізді. Бірақ қандай зауыт ашқысы келетініне нақты тоқталған жоқ.

Әкім (Ернат Бәзіл) болып қызмет атқарып жүргеніне үш ай болды. Жақсы маман. Оның неге жеке мейрамхананың ашылуына барғанын сұрадым. Біріншіден, мейрамхана иесі – жергілікті кәсіпкер. Өңірге 500 млн теңге құйған. Қала әкімі жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға міндетті болғанын айтты. Мен келесіде осындай орын ашылғанда (қатысу-қатыспау жағын – авт.) жақсылап ойлануға кеңес бердім, - деді Жетісу облысының әкімі.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Талдықорған әкімі Ернат Бәзілдің қаладағы мейрамханалардың бірінің ашылу салтанатына қатысқаны әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді.

Тұрғындардың көбі Талдықорған қаласында мейрамхана мен кафелер жеткілікті екенін айтып, халыққа бірінші кезекте тұрақты жұмыс беретін зауыттар керегін жазды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама