×

Талдықорғандағы зорлау оқиғасы: Ішкі істер министрі мен облыс әкімі жергілікті полицейлермен арнайы кездескен

Қалалық полиция басқармасының басшысы лауазымына лайықты кандидат қарастырылып жатыр

 Дәурен Ерболат 24.11.2023 | 14:13
Бейбіт Исабаев, фото: ОКҚ

Талдықорған қалалық полиция басқармасының басшысы қыз зорлады деп күдікке ілінген соң Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жергілікті полиция өкілдерімен арнайы кездесіп, ашық әңгімелескен.

Мен ақталмаймын. Қоғам сенген және қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етеді деген құқық қорғау қызметінің басшысы осындай әрекетке барса, ол заң аясында қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс. Ұят, ауыр жағдай, өкінішті, - деді Бейбіт Исабаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысы полиция қатарында мұндай адамдар болмауы керек деп есептейді.

«Осыдан 10 күн бұрын облысымызға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов келді. Ол қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыстық полиция департаментінің бастығы мен оның 2 орынбасары қызметінен босатылды. Тағы 2 орынбасарына қызметтік лауазымына толық сай емес деген ұйғарым жасалды. Қазір облыстық полиция департаменті бастығы міндетін атқаруға жаңа азамат келді. Қалалық полиция басқармасының басшысы қызметіне кандидаттарды қарастырып жатырмыз.

Министр (ІІМ) екеуміз облыстық, қалалық полиция құрамымен арнайы кездестік. Ашық, бүкпесіз әңгіме болды.

Қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Бірақ полиция қатарында тек осындай адамдар жұмыс істейді деп ой түюге болмайды.

Сотқа дейін ештеңе айта алмаймын. Егер қылмысы дәлелденсе, заң шеңберінде қатаң қылмыстық жазаға тартылуға тиіс. Басқаларына сабақ болсын», - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама