×

Баспана кезегінде тұрған қазақстандықтардың 250 мыңы – жағдайы төмен отбасылар

Жағдайы төмен қазақстандықтарға баспана беру тәртібін қайта қаралмақ

 Дәурен Ерболат 22.11.2023 | 12:41
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстанда баспана кезегінде тұрғандардың 250 мыңы жағдайы төмен отбасылар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы Қазақстанда баспана мәселесі әлі өзекті екенін жеткізді.

«Үй алуға кезекте тұрғандар өте көп. Қазір баспана кезегінде 646 мың адам тұр. Біріншіден, кезекте тұрғандарды тексеру бізге дұрыс мәлімет алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, біз әлеуметтік осал топтарға назар аударсақ, онда баспана кезегінде 250 мыңнан адамның тұрғанын көруге болады. 600 мың адам емес. Яғни 250 мың (тұрмысы төмен) адам. Ләззат Ибрагимова («Отбасы банк» төрайымы) бұл мәселе бойынша пікір білдіріп, біз жыл сайын 25 мың адамды (әлеуметтік осал топқа жататын – авт.) баспанамен қамтамасыз ете аламыз деді», - деді Қанат Шарлапаев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Министр аталған мәселе уақытында шешілмегенін, заңда оны шешу жолдары қарастырылғанын атап өтті.

Біз шешімін таппаған мәселемен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір мемлекет «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы арқылы процесті тездетуді көздеп отыр. Мысалы, әкімдік әлеуметтік топтарға тұрғын үй салғанда құрылыс циклі 24 айға созылады, ал (үйді) сатып алу (құқығын беру) әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй қорын тез қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін министр баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылатынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама