×

Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі өзекті мәселелерді атады

Өңірде онкологиялық ауруларға шалдыққандардың саны артқан

 Дәурен Ерболат 20.11.2023 | 18:51
Фото: vlast.kz/Жанара Каримова

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықты толғандырған өзекті мәселелерді айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ол өңірдегі ең өзекті мәселенінің бірі сапасыз ауыз су екенін атап өтті.

Бұл – Жезқазған қаласына қатысты. Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үйтас-Айдос жер асты су құбырын қайта жаңарту жалғасып жатыр. Бұл мәселемен тікелей Су ресурстары және ирригация министрлігі айналысуда. Биыл жобаға 4,3 млрд теңге бөлінді, 12,4 шақырым су құбыры салынды (барлығы – 21,4 шақырым). Келесі жылы жұмыс толық аяқталады. Жобаның жалпы бюджеті – 16,8 млрд теңге, - деді Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі жолдардың сапасына қатысты мәселе барын атап өтті.

Сонымен қатар Жезқазғанда жылу қазандықтарын жаңарту жұмысы тағы аяқсыз қалғаны белгілі болды.

Ұлытау облысындағы тағы бір күрделі мәселе – экология.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы ұшатын ракетаның бір бөлігі өңірімізге құлайды. Оның ішінде гептил бар. Кезінде авария да болды. Бұл мәселелер халықты алаңдатады. Себебі, бұл денсаулыққа қатты әсер етеді. Әсіресе, онкология ауруларының өсу дерегі алаңдатады. Үкіметтің алдында осы мәселені көтердік. Осының бәрін дәлелдеу үшін ғылыми негіздемеге сүйену керек. Қазір біз арнайы байқау ұйымдастырдық. «Экосервис» компаниясы зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. 2024 жылы зерттеу нәтижесі шығуы керек.

Бүгінде өңірдегі экологиялық ахуалға мыс зауытынан шығатын түтін кері әсерін тигізіп отыр. Онда фильтр жоқ. Зауыт күкірт-қышқылды цехын салып жатыр. 2024 жылдың аяғында немесе 2025 жылдың басында құрылыс аяқталуы керек. Сол жұмыс аяқталса, мыс зауытынан шығатын түтіннің зияндылығы бірнеше есе азаяды», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама