×

Отбасының тыныштығын бұзатындарды мемлекеттік қызметтен шеттету ұсынылды

Олар қару ұстау құқығынан да айырылуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 16.11.2023 | 16:10
Фото: Halyq Uni

Сенат депутаты Жанна Асанова отбасының шырқын бұзатын қазақстандықтарды мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Депутаттың айтуынша, күн сайын жаңалықтарда зорлық-зомбылық пен қорлық көрсету туралы айтылып жатыр, ал уәкілетті тұлғалардың немқұрайлы көзқарасы мен сыбайлас жемқорлық бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бермей келеді.

Бізге әйел мен балаларды саудаға салатын немесе оларға затқа қарағандай немқұрайлы көзқарасты өзгерту аса маңызды. Қорғансыз қалған жандардың бәрін мемлекет қорғап қана қоймай, зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет жасалатынын білуі керек. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың барлық құқықтық салдарын нақты білуі керек. Олар жазадан құтылмайтынына күмәнданбауға тиіс. Бұл мәселеде құқық қорғау органдарының, сот инстанциясының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі, - деді Жанна Асанова.

Сенатор зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл кешенді тәсілді талап етеді деп санайды. Ол отбасына зәбір көрсететіндердің құқығын шектеуді ұсынды.

Ішкі істер министрлігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жеке қызметін құру арқылы кеңейту ұсынылып отыр. Жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттар мен психологиялық нормаларды ескеріп, құқық қорғау органдарының алғаш рет шағымданған зорлық-зомбылық құрбандарына арналған өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығын заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Зәбір көрсетушілерді міндетті түрде тіркеуге алу, одан кейін мемлекеттік және күштік органдарға жұмысқа орналасуды шектей отырып, қару иелену құқығынан айыру маңызды, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама