×

«Жасөспірімдердің 10%-ы вейп шегеді»: Электронды темекі балалар арасында қалай тарап жатыр?

Электронды темекідегі никотин концентрациясы кәдімгі темекідегіден екі есе көп

 Ербол Тұрымбет 17.11.2023 | 10:58
Фото: Halyq Uni

Электронды темекіні тұтыну бойынша еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп жасаған зерттеуі бар. Соның қорытындысына қарасақ, Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10%-ы вейп қолданады. 2022 жылы жарияланған соңғы деректер бойынша 2014 жылдан бастап көрсеткіш жылдам өсіп келеді.

Оны VIII Әкелер форумында «Темекісіз Қазақстан» Ұлттық коалициясы қозғалысының денсаулық сақтау бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Жанар Төлеубаева айтып берді. Маманның сөзіне қарағанда, өндірушілер табак индустриясының темекінің электронды түрлеріне ауысуын денсаулыққа тигізетін зиянын азайтады деп көрсетеді. Ол қазір жастар мен жасөспірімдер, тіпті балалар арасында көп тарап кеткен.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері вейп нарығының 2020 жылдан бері 300 есе артқанын көрсетті. Мысалы, 2020 жылы елімізге шамамен мың данасы әкелінсе, бүгінде миллиондан келіп жатыр.

Қазақстан елге жеткізілген және тұтынған вейп көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұр. Бұл өте қорқынышты дерек. Күлкі шақыратын жағдай да бар. Мысалы, вейптер елімізге 2022 жылға дейін төменвольтты құрылғы ретінде жеткізілген. Яғни, пульт, ойыншық секілді санатқа жатқызылған. Сондықтан лайықты салық салынбаған, - дейді Жанар Төлеубаева.

Маманның айтуынша, ең бастысы, оның құрамында алдымен никотин, сосын глицерин, пропиленгликоль және басқа да заттар бар. Вейптердің басым көпшілігі зерттелмеген. Яғни, химиялық құрамы басқа заттармен, құрылғының өзімен қалай үйлесетіні беймәлім. Сондықтан вейп тұнып тұрған химия екеніне қарамастан, бүгінде толыққанды зерттелмеген өнім. Оның ішінде бір никотиннің өзі күшті есірткі, ол адамды тәуелді етеді. Оған қоса, ол синтетикалық никотин, оның қаупі өте жоғары. Электронды темекінің концентрациясы 1 мл-де 66 мм-ға дейін болады. Бұл кәдімгі темекіге қарағанда кем дегенде 2 есе көп. Ал пропиленгликоль тыныс алу жолдарына кері әсер етеді.

Бүгінде әлемде 33 ел вейпке тыйым салған. Енді Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы табактың кез келген түріне аромотизатор қосуға мүлдем тыйым салуды жариялағалы жатыр.

Бұған дейін Мәжілісті өткен шақырылым депутаттары вейп пен аромотизаторлар айналымына түбегейлі тыйым салуды ұсынған еді. Оны қазіргі шақырылым депуттаттары да, Президент әкімшілігі де қолдап отыр. Сондай-ақ, қазақстандық ата-аналар арасында вейпке тыйым салу бойынша петиция жарияланып, 20 мыңдай адам қол қойған.

Қоғам денсаулығына әкелер зардаптардың алдын алу үшін бұл бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі де қолдап отыр.

Сосын біз де бірлесіп Үкімет деңгейінде арнайы процедураларын құрастырдық. Алдымен регуляторлық әсерін талдау, яғни, қоғам мен экономика, бизнес үшін тиімді және кері жақтарын қарастырдық. Төртінші қайтара дегенде сол талдауды өткіздік. Сөйтіп, талдау арқылы вейптің қауіпті әсерін дәлелдей алдық. Себебі, бизнестің мүддесі халық денсаулығының қасында ештеңеге тұрмайды, - дейді Жанар Төлеубаева.

Оның сөзінше, бұл норма осы күні қоғамдық талқылаудан өтіп болған. Сондай-ақ, вейп пен ароматизаторлардың зайсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік туралы заңға түзету енгізу мүмкіндігі туды. Оны Үкіметтік комиссия да, Мәжілістің жұмыс тобы да қолдады. Алда енді Мәжілістің пленарлық отырысы мен Сенатта қаралмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама