×

Қазақстандықтардың жеке құжатының көшірмесін жасауға тыйым салынады

Сенат заң жобасын мақұлдады

 Дәурен Ерболат 16.11.2023 | 13:14
көрнекі фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғаудағы заңнаманы одан әрі жетілдіру және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеу үшін әзірленді.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдің айутынша, құжат дербес деректердің айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтіп, құқықтық базасын қалыптастырады.

Сондай-ақ заңда операторлар дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы уәкілетті органға бір жұмыс күнінен кешікпей хабарлауы міндеттелген, ал ақпараттық жүйелердің осал тұстары мен кемшіліктерін дер кезінде анықтап, ұдайы жетілдіру ақпараттық жүйелерді зерттеуші үздік мамандарды тарту да заңға енгізіліп отыр. Бұл – әлемде бар тәжірибе.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орталық құрылып, бірыңғай репозиторий нақтыланады. Онда бағдарламалық өнімдердің бастапқы кодтары сақталады, - деді депутат.

Сондай-ақ құжат аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстерге, Қазақстанның 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң бойынша мемлекеттік мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шетелден көшіп келушілерден жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін тапсыру міндеттеледі.

Сондай-ақ дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға (Цифрлық даму министрлігі) мәліметтер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы беріледі.

Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі белгіленіп отыр. Заң тұжырымдамасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертулері мен ұсыныстары болмады, - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің аталған заңға берген қорытындысына сәйкес, онда жеке басын куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салатыны жазылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама